KZNEWS.KZ
Саясат

Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдап, бірқатар тапсырма берді

• Қайсар Қанат
Фото: Ақорда

Кездесу барысында Президент тапсырмалары мен бастамаларының орындалуы, соның ішінде бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясында және Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Ерлан Қарин конституциялық құндылықтарды түсіндіру және дәріптеу, «Таза Қазақстан» жобасын жүзеге асыру, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету және «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын енгізу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына этносаралық келісімді нығайту, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру бағытындағы жұмыстар таныстырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар тапсырма берді.

Президент конституциялық қағидаттар мен құндылықтар ұлттық мінез бен қоғамдық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс екенін атап өтті.

Ақорда таратқан хабарламада Мемлекет басшысының патриотизмді, жауапкершілікті, адал еңбекті, бірлікті және азаматтардың ортақ жасампаз мақсаттарға жұмылуын елдің тұрақты дамуының маңызды шарттары ретінде атағаны айтылды.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →