Мемлекет басшысының өкімдерімен Қаныш Асанханұлы Әбубәкіров қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – қарулы күштері бас штабының бастығы лауазымынан босатылды.
Мемлекет басшысының өкімдерімен Қорғаныс министрлігінің үш жоғары лауазымды қызметкері қызметінен босатылды, деп хабарлайды kznews.kz
"Алмаз Дженишевич Джумакеев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымынан босатылды. Қанат Серікқалиұлы Ниязбеков Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы лауазымынан босатылды", – делінген хабарламада.
Бұл кадрлық өзгерістер Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметкердің қаза табуынан кейін болып отыр.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметші Каспий теңізіне құлап кеткен. Үш әскери қызметші құтқарылды, ал 14 сарбаз қаза тапты. Соңғы екі әскери қызметшінің денесі 25 қыркүйек күні таңертең табылған.
Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуы, ауа райы жағдайларының ескерілуі және құтқару жұмыстарының ұйымдастырылуы тексеріліп жатыр. Қарулы күштердің бес лауазымды қызметкері ұсталып, күдікті деп танылды.
Оқиғаның себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Ал 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.