Мемлекет басшысының жарлықтарымен Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының жаңа құрамына 10 судья тағайындалды. Олардың қатарында Сәкен Абдолла, Лейла Жақаева, Қайрат Жақыпбаев және тағы жеті маман бар, деп хабарлайды kznews.kz
Мемлекет басшысының жарлықтарымен Сәкен Абдолла, Лейла Сұлтанқызы Жақаева, Қайрат Төлегенұлы Жақыпбаев, Айжан Ержанқызы Жатқанбаева, Айгүл Қуанышбайқызы Қыдырбаева, Қанат Сергейұлы Мусин, Бақыт Маратұлы Нұрмұханов, Сергей Васильевич Скрябин, Аслан Султанович Тукиев және Сергей Федорович Ударцев Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы лауазымына тағайындалды.
Сәкен Абдолла
1964 жылы туған. Заңгер, заң ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1986 жылы прокуратура органдарынан бастаған. Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарындағы әділет органдарында, Жоғарғы Сотта қызмет атқарған. Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болған.
Лейла Жақаева
1960 жылы Қарағандыда туған. Заң ғылымдарының докторы, профессор. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған. Бас прокуратурада, Сенатта және Жоғарғы Сот жүйесінде қызмет атқарған. Соңғы жылдары Сот төрелігі академиясының профессоры болды.
Қайрат Жақыпбаев
1964 жылы туған. Заңгер. Прокуратура мен ішкі істер органдарында, Мәжіліс аппаратында және "KEGOC" компаниясында басшылық қызметтер атқарған. 2023 жылдан бері Конституциялық Соттың судьясы.
Айжан Жатқанбаева
1972 жылы Алматыда туған. Заң ғылымдарының докторы, профессор. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұзақ жылдар бойы ғылыми-педагогикалық қызмет атқарған. Конституциялық және әкімшілік құқық саласының маманы. 2023 жылдан бері Конституциялық Сот судьясы.
Айгүл Қыдырбаева
1967 жылы туған. Сот жүйесінде ұзақ жыл қызмет атқарған. Алматы облыстық сотында, Алматы қалалық сотында және Жоғарғы Сотта судья болды. 2013–2022 жылдары Жоғарғы Сот судьясы, 2023 жылдан Конституциялық Сот судьясы.
Қанат Мусин
1966 жылы Целиноградта туған. Заңгер. Прокуратура, Әділет министрлігі және Президент Әкімшілігінде қызмет атқарған. Әділет министрі, Жоғарғы Сот судьясы болған. 2023 жылдан бері Конституциялық Сот судьясы.
Бақыт Нұрмұханов
1979 жылы туған. Заң ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын университет оқытушысы ретінде бастаған. Конституциялық Кеңес аппаратында түрлі қызметтер атқарып, 2017–2022 жылдары оның аппаратын басқарған. 2023 жылдан Конституциялық Сот төрағасының орынбасары.
Сергей Скрябин
1968 жылы туған. Заң ғылымдарының кандидаты, доцент. Азаматтық құқық саласының маманы. "Институт законодательства" жүйесінде басшылық қызметтер атқарған, 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Конституциялық Сот жанындағы ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі болған.
Аслан Тукиев
1979 жылы Қарағандыда туған. Заң ғылымдарының кандидаты, доцент. Ішкі істер органдарында, Әділет министрлігінде және сот жүйесінде жұмыс істеген. 2020 жылдан Жоғарғы Сот судьясы, 2022 жылдан әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болды.
Сергей Ударцев
1951 жылы туған. Заң ғылымдарының докторы, профессор, академик. Ғылыми және педагогикалық қызметпен қатар Конституциялық Сотта судья болған. ҚазГЮУ ректоры, құқықтық саясат және конституциялық заңнама ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметтерін атқарған. 2023 жылдан Конституциялық Сот судьясы.
Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның үш маңызды мемлекеттік органына жаңа басшылар тағайындалды. Конституциялық сотты Эльвира Азимова, Орталық сайлау комиссиясын Нұрлан Әбдіров, ал Жоғары аудиторлық палатаны Әлихан Смайылов басқарады.