Қазақстандық журналист Индира Жылқайдарова дүниеден өтті. Қаралы хабарды оның әріптесі Жігер Сәрсен әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол журналистің қиындыққа мойымай, ауруды жеңіп, қайта қатарға қосылуға талпынғанын атап өтті.
«Индира әріптесімізден айырылып қалдық. Қаралы хабарды естіп, төбемізден жай түскендей болып отырмыз. Соңғы төрт жыл ақтық демі қалғанша ауыр дертпен арпалысты. Бәрін жеңіп, қатарға қосыламын деген қайсарлығы, алға жетелеген алғырлығы ақыры сұм ажалға жол берді. Арманы асқақ, алары көп еді, амал не? Аллам алдыңнан жарылқап, рақымына бөлесін», – деп жазды Жігер Сәрсен.
Журналистің қазасы әріптестері мен жақындарына ауыр тиіп отыр. Индира Жылқайдарованың өмірден өтуіне байланысты әлеуметтік желіде көңіл айту жазбалары жариялануда.