Қазақстан шетелдік туристерді елге тарту үшін әлемдік жұлдыздардың концертін ұйымдастыру саясатын биыл да жалғастырмақ. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
– Биыл әлемдік жұлдыздардың қатысуымен бірқатар ірі концерттік іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Алғашқы концертке Тимбарлэнд, Николь Шерзингер, Баста Раймс және басқа да әртістер қатысады.Ол мамыр айына белгіленген. Жалпы жыл соңына дейін кемінде 5 ірі концерттік шара өтеді, – деді ол.
Kazakh Tourism басшысы фестивальдік туризм бағытына арналған штаб құрылғанын айтады.
– Штаб іс-шараларды туристік пакет ретінде ұсынумен айналысады. Сонымен қатар көршілес елдердегі медиасеріктестермен және туроператорлармен бірлесіп, Қазақстанға турист тарту жұмысы жүргізіледі, – деді Талғат Ғазизов.
Ал Премьер-министр Олжас Бектенов «Kazakh Tourism» басшысына лауазымына лайық екенін дәлелдеу үшін нәтиже көрсету керектігін ескертті.