"Шетел агенті": депутат сырттан қаржыландыру тетігін қайта қарауды ұсынды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Бағы жанбаған балалар контенті: TikTok, YouTube жыры тағы айтылды

Бағы жанбаған балалар контенті: TikTok, YouTube жыры тағы айтылды
Фото: ашық дереккөздерден

Парламент тарауға жақын қалғанда депутаттар тарапынан белсенділік те арта бастаған сыңайлы. Әсіресе, бұған тиіп-қашып көтеріліп жүрген мәселелерге қайта оралып, бастамашыл болуға тырысу байқалады.

Мысалы, Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков TikTok, YouTube, Instagram секілді платформалардағы контентке бақылауды күшейтіп, қазақ тіліндегі балаларға арналған сапалы цифрлық ортаны қалыптастыру үшін арнайы мемлекеттік стратегия қабылдауды ұсынды. Яғни, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілердегі қауіпсіздігі мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты.

Депутаттың айтуынша, бүгінде балалардың дүниетанымын мектептен гөрі әлеуметтік желілер көбірек қалыптастырып отыр. Әсіресе, жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің интернетте өткізетін уақыты бірнеше есе артып, қысқа видеолар мен онлайн ойындарға тәуелділік күшейеді. Бұл жағдай олардың психологиялық дамуына ғана емес, ұлттық құндылықтарды қабылдауына да әсер етуі мүмкін.

Шынында да, соңғы жылдары TikTok, YouTube және Instagram жастар арасында ең танымал платформаларға айналды. Алайда, қазақ тіліндегі танымдық, тәрбиелік және ғылыми-ағартушылық контент көлемі әлі де шектеулі. Қазақша мультфильмдер мен білім беру жобалары әлемдік цифрлық платформалардағы миллиондаған бейнероликтермен бәсекеге түсе алмай отыр.

Сондықтан депутат балаларға арналған сапалы қазақтілді контентті дамытуға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету қажеттігін мәселе етіп көтерді.

Рас, ақпараттық қауіпсіздік қазіргі таңда мемлекеттік қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігіне айналған. Дегенмен бұл мәселе қоғамда әртүрлі пікір туғызуда. Бір тарап балаларды зиянды ақпараттан қорғау үшін әлеуметтік желілерге қойылатын талаптарды күшейту қажет деп есептейді. Ал екінші тарап мұндай қадамдардың сөз бостандығына әсер етуі мүмкін екенін айтып, басты назар шектеуге емес, сапалы контент өндіруге аударылуы тиіс деген пікірде.

Ал әлемдік тәжірибеде балаларды интернеттің теріс ықпалынан қорғаудың бірнеше жолы бар. Олардың қатарында жас ерекшелігіне қарай тіркеуді шектеу, ата-аналық бақылау жүйелерін жетілдіру және білім беру бағдарламаларын дамыту секілді тәсілдер бар. Алайда, ұзақ мерзімді нәтиже беру үшін ұлттық тілдегі сапалы цифрлық өнімдердің үлесін арттыру шешуші фактор болып қала береді.

Қазір Қазақстан үшін негізгі міндет балаларды ақпараттық қауіптен қорғау мен ашық цифрлық кеңістікті сақтау арасындағы тепе-теңдікті табу екені даусыз. Бұл ретте тек шектеу шараларына сүйену жеткіліксіз. Қазақ тіліндегі заманауи мультфильмдер, білім беру платформалары, балаларға арналған бейнежобалар мен ойындардың санын көбейту маңызды.

Өйткені, цифрлық дәуірде ұлттық мәдениет пен тілдің болашағы тек дәстүрлі білім беру жүйесіне ғана емес, интернет кеңістігіндегі бәсекеге де тікелей байланысты.

Қысқасы, баланың санасын бақылаумен емес, сапалы контентпен тәрбиелеу бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.