KZNEWS.KZ
Сараптама

The World Financial Review: Тоқаевтың экономикалық реформалары Қазақстанды өзгертті ме??

Фото: ашық дереккөздерден

Күні кеше британдық іскерлік басылым The World Financial Review де біздің еліміз туралы көлемді сараптамалық материал жазды. Басылым авторлары Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері посткеңестік экономикадан Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға дейінгі жолдан өткенін атап өтеді. Басылымның жазуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру бағыты мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналған. Экономикалық өзгерістер негізгі көрсеткіштерден де байқалады. 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың доллардан асып, жеті жыл ішінде 52,9 пайызға өскен.

2021–2025 жылдары Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 114,2 млрд долларды құрады. Ал 2019–2025 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 155,8 млрд долларға жетті.

Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Азия даму банкінің бағалауынша, Қазақстан экономикасы алдағы екі жылда шамамен 4,5–5 пайыз деңгейінде өсім көрсетуі мүмкін.

2026 жылғы тамызда S&P Global Ratings Қазақстанның ұзақ мерзімді мемлекеттік кредиттік рейтингін "BBB минус" деңгейінен "BBB" деңгейіне көтеріп, болжамын "тұрақты" деп белгіледі. Агенттік 2026 жылы елдің нақты жалпы ішкі өнімі 5,1 пайызға өседі деп күтеді. Орта мерзімді перспективада экономикалық өсім шамамен 4 пайыз болады деген болжам бар. Сондай-ақ, BBB инвестициялық рейтингін "тұрақты" деген болжаммен Fitch Ratings те растады.

Жалпы, соңғы жеті жылда Қазақстанда 625 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылып, 62 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.Ал ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі нақты мәнде 24 пайызға өсті. Ақшалай көрсеткіш бойынша сала көлемі 5,2 трлн теңгеден 9,8 трлн теңгеге дейін артты.

Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 31,3 пайызға көбейіп, 2025 жылы 4,5 млн адамға жетті.

The World Financial Review кәсіпкерлікті дамытуды Тоқаевтың экономикалық саясатының маңызды бағыттарының бірі ретінде көрсетеді. Бұл жергілікті жеткізу тізбектерін қалыптастыруға, жаңа серіктестер табуға және ішкі нарыққа шығуға мүмкіндік береді.

Басылым сарапшылары елдегі экономикалық өзгерістер инфрақұрылымдық дамумен қатар жүріп жатыр деп пайымдайды. 

Өткен жеті жылда Қазақстанда 118,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы кезеңде 36,3 мың шақырым автомобиль жолы салынып, жөнделді. Сонымен қатар шамамен 5 мың шақырым теміржол желісі салынды. 110 станциядағы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.

2025 жылы Қазақстанның тауарлар мен қызметтер бойынша сыртқы сауда айналымы 170 млрд доллардан асып, бес жыл ішінде 40,5 пайызға өсті.

Сондай-ақ, британдық басылым Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктерін де атап өтеді.

Қазір мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды түрде көрсетіледі. Халықтың 97,5 пайызы интернетке қол жеткізе алады.

Global Innovation Index 2025 рейтингінде Қазақстан "Үкіметтің онлайн-қызметтері" көрсеткіші бойынша әлемде 10-орынға ие болды. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы цифрлық мемлекеттік қызметтерді Қазақстанның инновациялық әлеуетіндегі ең мықты көрсеткіштердің бірі деп бағалайды.

The World Financial Review Қазақстанның экономикалық дамуындағы тағы бір маңызды бағыт ретінде адами капиталға инвестиция салуды атайды. Ел білім беру мен ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржыны ұлғайтып келеді.

Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының 32 филиалы ашылды. Сонымен бірге халықаралық білім беру және ғылыми ынтымақтастықтың басқа да бағыттары дамып жатыр.

Экономиканың трансформациясы Қазақстанның дәстүрлі шикізат секторынан тыс инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді. Бұған елдің борыштық көрсеткіштері де әсер етеді. Соңғы бес жылда сыртқы борыштың жалпы ішкі өнімге қатынасы 83,1 пайыздан 59,4 пайызға дейін төмендеген. Бұл сыртқы борыштың экономика көлеміне шаққандағы салыстырмалы жүктемесінің азайғанын көрсетеді.

Соған қарамастан, экономиканы толық әртараптандыру Қазақстан үшін ұзақ мерзімді міндет болып қала береді. Бұл мақсат халықаралық серіктестік бағдарламаларында да көрініс тауып отыр.

Дүниежүзілік банктің 2026–2031 жылдарға арналған жаңа Елдік серіктестік бағдарламасында жеке капиталдың экономикадағы үлесін арттыру және экономикалық өсімнің өндіруші салаларға тәуелділігін азайту негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген.

The World Financial Review бағалауынша, Қазақстанның соңғы жылдардағы экономикалық саясаты осы міндеттерді шешуге, соның ішінде шикізатқа тәуелділікті азайтып, инвестиция, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, цифрландыру және адами капиталға сүйенетін неғұрлым әртараптандырылған модель қалыптастыруға бағытталған.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →