Бүгін таңертең The Washington Post газетінде «Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне баратын қызықты жолы» атты ауқымды мақала жарияланды.
Онда Қазақстанның осы келісімдерге қосылу шешімін басылым көзқарасымен жан-жақты талдаған. Мақала оң сипатта жазылған: Қазақстанның бұл қадамын ойластырылған, прагматикалық әрі есептелген әрекет деп бағалапты. Сондай-ақ президенттің дипломатиялық шеберлігі мен стратегиялық ойлау қабілеті бірнеше рет ерекше аталған.
Мақалада ең алдымен бұл шешімге Вашингтондағы кей сарапшылар таңқалғаны айтылады.
Сонымен қатар, Қазақстанның не себепті Ибраһим келісімдеріне қосылғанына қатысты сұрақтар туындағаны сөз болған. Кейбіреулер бұл қадамды Трампқа арналған дабыл деп бағаласа да, мақалада «Қазақстан прагматикалық мақсатты көздейді» деген жайт ерекше көрсетіледі. Оған қоса Қазақстанның саяси тұрғыдан күрделі аймақта орналасқанын ескере отырып, бұл әрекеттерді табиғи қадам деп бағадайды. Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қатысуы мен Ақ үйде өткен кездесулері Мәскеу мен Пекинге тәуелсіз саясат жүргізіп отырғанын білдіреді делінген.
Мақала «Ибраһим келісімдеріне қосылу – Вашингтонның оң назарын аудару үшін ойластырылған, прагматикалық қадам» деп қорытындыланған.
Мақалада C5+1 кездесуінен бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қысқа сұхбатқа сілтеме жасалған. Сондай-ақ, екі сарапшының пікірлері келтірілген, олар Қазақстанның шешімін «Трамп пен АҚШ үшін шығындары аз, пайдасы жоғары дабыл әрі Ресейге тәуелділікті азайтуға бағытталған қадам» деп сипаттайды.
Сонымен қатар, АҚШ-тың ұстанымы да қарастырылған: «Трамп Қытайдың үстемдігіне қарсы тұру үшін маңызды минералдарды жеткізудің жаңа жолдарын құруға баса назар аударады» делінген.
The Washington Post үшін бұл өте маңызды материал, және C5+1 сапары АҚШ-та маңызды қадам ретінде қабылданды, сондай-ақ Қазақстанның АҚШ-пен ынтымақтастықты кеңейтуге нақты дайын екенін көрсетті.