Алматыда иесінен қорлық көрген күшіктің оқиғасы жалғасын тапты. Қалалық полиция мәліметінше, әйел емделу үшін арнайы мекемеге орналастырылған, деп хабарлайды kznews.kz
Еске салайық, 2 қазанда әлеуметтік желілерде жануарға қатыгездік көрсету туралы бірнеше жазба тараған болатын. Бейнежазбаға күшік ұстаған әйел түсірілген. Куәгерлердің айтуынша, ол жануарды теуіп, қылқындырған. Сол маңнан өтіп бара жатқан куәгерлер итті тартып алуға тырысқанда, әйел үй жануарын қарғыбауынан көтеріп, онымен жігіттерді ұрмақ болған.
"Бұл не деген сұмдық. Қыз итті қинап тастапты, ол су болып кеткен, кір-қожалақ, қатты қиналғаны көрініп тұр. Жануарға қалай олай қарауға болады? Ол балағат сөздер айтып, итке "фас" деп бұйырады. Иттің өзін қорғауға қауқары жоқ - тек төзуден басқа амалы жоқ. Ит байғұсты қатты аяп кеттім", - деп жазды жазба авторы.
Ақыр соңында күшікті тартып алып, ветеринарға жеткізу мүмкін болды. Сол күні-ақ күшікке жаңа иесі табылды.
Клиникаға орналастырылды
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен тарағаннан кейін полиция әйелді іздеуге кірісті. Оның жеке басы анықталды.
"Сондай-ақ полицейлер оның психоневрологиялық есепте тұратынын анықтады. Қазіргі уақытта әйел қажетті көмек көрсету үшін мамандандырылған медициналық мекемеге жеткізілді", - деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта полиция жағдай бойынша тексеруді жалғастырып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде жануарға қатысты әрекеттер анықталып жатыр.