ка

Теңізде жұмысшылар жалақыны 50 пайыз көтеруді талап етті

22.04.2025 12:51
0
0
Теңізде жұмысшылар жалақыны 50 пайыз көтеруді талап етті

Бүгін, 21 сәуір таңертең "Кәсіби таңдау" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қойма жұмысшылары жалақыны 50 пайыз көтеру туралы талап қойды. Қойма жұмысшыларына көлік департаментінің қызметкерлері қосылды Олар жалақыны 100 пайыз көтеруді талап етіп отыр. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Кәсіби таңдау" ЖШС Caspian Offshore Construction Realty (бұдан әрі қарай – COCR) мердігері болып саналады. Ал COCR – Теңізшевройл мердігері. "Кәсіби таңдау" компаниясы 2021 жылы тіркелген, 2025 жылы 15 сәуірде қайта тіркеуден өткен.

17 сәуірде ТШО көлік департментінің қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етіп ТШО бас директоры Уильям Лакобидің, СОСR бас директоры Аджай Майктің және "Кәсіби таңдау" ЖШС басшысы Айнұр Смиттің атына жазбаша өтініш жолдаған. Хатта олар нарықтағы баға өсіміне, күнкөріс деңгейінің жоғарылауына және инфляцияға байланысты қазіргі жалақы өмір сүру қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмай отырғанын айтқан. Олардың сөзінше, еңбекақыны көтеру бұдан да өнімді әрі жауапты жұмысқа ынталандырар еді. Жұмысшылар хатта басшылардан үш жұмыс күнінің ішінде ресми жауап беруін сұраған.

Ал бүгін, 21 сәуірде жұмысшылар өз талабын ауызша қайталаған бейнеүндеу жариялады.

Қойма қызметкерлері, яғни қоймашылар, жүк тиегіш операторлары, материал мамандары, ағаш шебері, көлік жөндеу бөлімі, консервация бөлімі мамандары атынан жалақыны 50% көтеруді талап етеміз. Біз өз жұмысымызға үлкен жауапкершілікпен қарап, кәсіпорынның дамуына, өнімділігіне және тұрақтылығына үлес қосамыз. Осыны ескере отырып, ұжым атынан жалақы мөлшерін 50% деңгейінде қайта қарастыруларыңызды талап етеміз. Бұл шешім қызметкерлердің мотивациясын, еңбек өнімділігін арттыратынына сенеміз”, – делінген бейнеүндеуде.

Сондай-ақ олар “Кәсіби таңдау” компаниясынан жұмысшыларды жұмыстан қудаламауды сұраған. Inbusiness.kz сайтында жарияланған дерекке сәйкес, ұжымдық үндеуге 140 адам қол қойған.

"Теңізшевройл" (ТШО) ТШО мердігері COC Realty компаниясының қосалқы мердігері "Кәсіби таңдау" компаниясы қызметкерлерінің талабынан хабардар. ТШО мердігерлері тәуелсіз заңды тұлғалар болып саналады және осы мәселе бойынша кез келген басқа сұрақтарды "Кәсіби таңдау" компаниясына жолдаған жөн. ТШО өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іске асырады", – делінген “Теңізшевройл” өкілдерінің “Ақ Жайық” басылымына берген жауабында.

Еңбек инспекциясы қазір Теңіз кен орнында келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Дереккөздер қазір жұмысшылармен келіссөздер жүріп жатқанын жеткізді. Оқиға орнына аудан әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақова, аудан прокуроры Еркебұлан Ермеков және мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубекеров жеткен, полиция қызметкерлері тәртіпті қадағалап тұр.

Пікірлер
(0)
Бұл жерде әлі ештеңе жоқ
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий