«Жаңа адамдар» қоғамдық бірлестігінің «Халық қаһары» азаматтық науқаны ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келе жатқан әлеуметтік нысандар мәселесін бақылауда ұстап келеді. Науқанның мақсаты – жылдар бойы аяқталмай қалған жобалар мен күрделі мәселелердің шешілуіне ықпал ету, деп хабарлайды kznews.kz.
2026 жылғы ақпан айында Теміртау қаласындағы балалар ауруханасының жағдайы туралы бейнежазба жарияланып, қоғамда кең талқылау тудырды. Бейнематериалда ғимараттың тозығы жеткені көрсетілген: қабырғалардың әрлеуі бүлінген, медициналық жабдықтар ескірген, терезелер сынған және жамалған, ал төбелерде зең пайда болған.
Осыған байланысты «Халық қаһары» азаматтық науқаны Теміртау тұрғындары арасында сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижесінде бейнежазбада көрсетілген деректердің шынайылығы расталды. Қала тұрғындарының айтуынша, балалар ауруханасының жағдайы туралы мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Алайда ата-аналардың өтініштері мен шағымдарына тиісті деңгейде назар аударылмаған.
Тұрғындардың мәліметінше, ауруханадағы жағдайды жария етуге әрекет жасаған азаматтар қысымға ұшыраған. Оларға жарияланымдарын өшіру туралы талаптар қойылып, кей жағдайда жұмыстан шығару жөнінде қоқан-лоқы жасалған.
Мәселеге назар аударту мақсатында «Жаңа адамдар» қозғалысы символикалық түрде «Намыстин» деп аталатын препарат әзірлеп, оны Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасына және аурухана басшылығына тапсырды. Ұйым өкілдерінің айтуынша, бұл бастама жауапсыздық пен немқұрайлылық мәселесіне қоғам назарын аударуға бағытталған.
Сонымен қатар Теміртау тұрғындарының өтініштері негізінде дайындалған арнайы ұсыныстар пакеті берілді. Кездесу барысында аурухана директоры анықталған мәселелердің жақын арада шешілетінін мәлімдеді.
«Халық қаһары» азаматтық науқаны өкілдері аталған нысанға қайта мониторинг жүргізіп, уәде етілген өзгерістердің орындалуын бақылауды жоспарлап отыр.
«Халық қаһары» науқанының өкілі Нәзік Ходжагельдиеваның айтуынша, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді жасыру мүмкін емес және олар толық шешімін тапқанға дейін қоғамдық бақылауда болуы тиіс.