Жаңалықтар

"Телефондары соңғы рет Шымкентте өшірілген": "Адам өлтіру" бабы бойынша тергеу басталды

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
"Телефондары соңғы рет Шымкентте өшірілген": "Адам өлтіру" бабы бойынша тергеу басталды
ашық дереккөзден

Атырау облысында бір отбасының жұмбақ жағдайда жоғалып кетуіне байланысты іс бойынша тың мәліметтер жарияланды. Аталған дерекке сәйкес, оқиғаға қатысты "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды kznews.kz.

Атырау облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықовтың айтуынша, қазіргі таңда тексеруге кедергі келтіруі мүмкін расталмаған ақпараттар әлеуметтік желіде тарап жатыр.

" Іздеу жұмыстары республикалық деңгейде жүргізілуде. Медициналық мекемелер, оның ішінде жеке клиникалар да тексеріліп жатыр. Жоғалғандардың ұялы телефондары Қазақстан аумағында қосылып-өшірілген, соңғы рет Шымкент қаласында тіркелген", – деді ол.

Сондай-ақ Құттыбай Садықов істің Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша қаралып жатқанын түсіндіріп өтті.

"Бұл отбасы мүшелері қаза тапты дегенді білдірмейді. Аталған бап тергеу амалдарының аясын кеңейту үшін қолданылып отыр", – деді полиция өкілі.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында бір отбасының жұмбақ жағдайда жоғалып кеткені хабарланған еді. 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға ағасы мен оның отбасы бір айдан астам уақыт бойы байланысқа шықпағаны туралы арызбен жүгінген.

Қазіргі таңда жоғалып кеткен азаматтарға іздеу жарияланған. Атырау облысы полиция департаменті таратқан бағдарламаға сәйкес, төмендегі тұлғалар іздестірілуде:

  • 1959 жылы туған Қарабалин Мақсот Мұқанғалиұлы;
  • 1961 жылы туған Өтешқалиева Нәсіп Бақытқызы;
  • 1990 жылы туған Қарабалина Мирамгүл Мақсотқызы;
  • 1993 жылы туған Мұқанғалиев Наурыз Мақсотұлы.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz