Жезқазған, Қарағанды, Сәтбаев және Балқаш қалаларында «Таза Қазақстан» акциясына қосылған «Қазақмыс» компаниясының мыңнан аса қызметкері көшелер мен өндіріс орындарын тазартып, 95 тонна қоқыс шығарды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сәуірдің 2-сі мен 4-і аралығында өткен тазалық жұмыстарына корпорацияға қарасты бірнеше кәсіпорын мен жергілікті оқу орындарының 1100-ден астам жұмысшысы қатысты.
Олар 100-ге жуық арнайы техниканың көмегімен қоғамдық орындарды, жол бойы мен мекемелерге іргелес аумақтарды ретке келтірді. Жұмысшылар ірі көлемдегі қалдықтарды жедел тасымалдау үшін самосвалдар мен жүк тиегіштерді пайдаланды.
Экологиялық шара кезінде мамандар ағаш отырғызуға топырақ дайындап, өндіріс алаңдарының айналасын тазартты. Ұйымдастырушылар табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бұл сенбіліктер мамыр айына дейін әр апта сайын жалғасатынын жеткізді.