Биыл қабылданған Конституцияда жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру Қазақстан мемлекеттілігінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілген болатын. Бұл норманың маңызы табиғатты қорғауды тек мемлекеттік органдардың міндеті немесе маусымдық тазалық шарасы ретінде емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі ретінде қарастыруында жатыр.
Жалпы, экологиялық мәдениетті Конституцияда бекіту табиғатты қорғауға қатысты мемлекеттік саясаттың құқықтық негізін күшейтеді. Бірақ, оның іс жүзіндегі нәтижесі осы қағидаттың заңдарда, мемлекеттік бағдарламаларда және күнделікті басқару тәжірибесінде қалай жүзеге асатынына байланысты екені анық. Рас, Конституциядағы қағидаттың өзі әрбір экологиялық мәселені автоматты түрде шешпейді. Ол үшін тиісті заңнаманың орындалуы, бақылаудың тиімділігі және азаматтардың экологиялық құқықтарын қорғау тетіктері қажет. Яғни, бастамалардың бәрі өміршең механизм ретінде жұмыс істеуге жалғасуға тиіс.
Бұл жерде "Таза Қазақстан" жалпыұлттық бастамасы туралы айту ләзім. Бұл бастама экологиялық жауапкершілікті күнделікті өмірге енгізуге бағытталған. Әлбетте, оның нәтижесін өткізілген сенбіліктердің немесе отырғызылған ағаштардың санымен ғана бағалау жеткіліксіз.
Негізгі өлшемдер елді мекендердегі қалдық көлемінің азаюы, жасыл желектердің сақталуы, су мен энергияны үнемдеу және қоршаған ортаның нақты жақсаруы екені белгілі. Сонымен қатар бастаманың тұрақтылығы жергілікті әкімдіктердің жұмысына, инфрақұрылымның сапасына және тұрғындардың қатысуына байланысты болып отыр.
Қазір елімізде осының негізі бар деуге болады. Дерекке сүйенсек, жылдың алғашқы жеті айында "Таза Қазақстан" аясында 500 экологиялық іс-шара ұйымдастырылған. Оларға 6,1 миллион адам қатысып, 741 мың адам волонтер ретінде жұмылдырылған. Осы кезеңде 813 мың тонна қалдық жиналып, 117 мың гектар аумақ тазартылған және 1,2 миллион ағаш отырғызылған.
Десек те, экологиялық саясаттың тиімділігі азаматтарға міндет жүктеумен ғана өлшенбейді. Мемлекет те қауіпсіз қоршаған ортаны қамтамасыз етуге, табиғи ресурстарды ұтымды басқаруға және экологиялық талаптардың орындалуын бақылауға тиіс.
Әлбетте, бұл жерде экологиялық шешімдердің экономикалық мүдделермен байланысы да ескерілуі керек. Өндіріс пен инфрақұрылымды дамыту табиғи ресурстарды шектен тыс пайдалануға немесе халықтың денсаулығына қауіп төндіруге негіз болмауға тиіс. Сол себептен де экологиялық мәдениетті Конституцияда бекіту табиғатты қорғаудың маңызын мемлекеттік деңгейде айқындайды. Ал оның нақты нәтижесі заңдардың орындалуынан, мемлекеттік органдардың жауапкершілігінен және азаматтардың күнделікті әрекетінен көрініс табады.
Айтпақшы, Үкіметтің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда шамамен 5 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық пайда болып, оның 1,2 миллион тоннасы сұрыпталып, өңделген. Бұл жалпы көлемнің 25,8 пайызына тең. 2025 жылы сұрыпталып, өңделген қалдық көлемі 1,5 миллион тоннаға жетіп, үлесі 30,6 пайыз болған. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында ел аумағында 2,1 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық пайда болып, оның 600 мың тоннасы немесе 27,7 пайызы сұрыпталып, өңделген екен.
Тоқетерін айтқанда, "Таза Қазақстан" бастамасының да, Конституциялық норманың да табысы қоғамның табиғатқа деген көзқарасының өзгеруі және қоршаған орта жағдайының нақты жақсаруына қарап бағалануы керек. Яғни, экологиялық мәдениет ұран емес, басқару шешімдері мен күнделікті өмірдің тұрақты қағидатына айналғанда ғана өзінің толық мәніне ие болатыны сөзсіз.
Айтпақшы, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өткен Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі көшбасшылар саммитінде осы мәселеге тоқталып, азаматтардың табиғат пен оның ресурстарын ұқыпты сақтауға міндетті екенін атап өтті. Сондай-ақ, адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының бірі ретінде белгіленгенін айтты. Мемлекет басшысы Қазақстанның табиғатты қорғаудағы жетістіктерін атап өтіп, Каспий экожүйесіне төнген қатерге де тоқталды.
Жалпы, Қазақстанның биоалуантүрлілікті қорғаудағы жетістіктері нақты көрсеткіштерден де көрінеді. Тоқаевтың айтуынша, 2003 жылы елімізде киік саны небәрі 21 мың болса, 2026 жылдың көктемінде 4,7 миллионға жеткен. Қазір әлемдегі киіктің шамамен 98 пайызы Қазақстан аумағында мекендейді. Ақбөкен популяциясының қалпына келуі ұзақ мерзімді қорғау шаралары мен ғылыми бақылаудың маңызын көрсететін мысалға айналды. Қар барысын сақтау бағытында да оң өзгерістер бар. Президент Қазақстандағы қар барысының санын шамамен 190 деп бағалап, оның мекен ету аумағының 70 пайызы қорғалатын жерлерге кіретінін айтты. Сонымен бірге биылғы маусымда Тұран жолбарысын табиғи ортаға қайтару жұмысы басталды. Жоба аясында соңғы 70 жылда алғаш рет жолбарыс табиғатқа жіберілді. Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру бойынша да шетелдік мамандармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл бастамалардың ұзақ мерзімді нәтижесі жануарларды табиғи ортада сақтауға, олардың қорегін, мекенін және көбею мүмкіндігін қамтамасыз етуге байланысты.
Дегенмен жекелеген түрлерді қорғаудағы жетістіктер елдегі экологиялық мәселелердің толық шешілгенін білдірмейді. Бұған Каспий теңізіндегі жағдай дәлел. Мемлекет басшысы соңғы бір ғасырда Каспий итбалығының саны бір миллионнан 270 мыңға дейін азайғанын айтты. Қазақстанда бұл жануар сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлер қатарына енгізілген.
Ал Каспийдің жағдайы бір мемлекеттің шеңберінде шешілмейтін мәселе. Сондықтан Президент теңіз жағалауындағы бес елді итбалықты қорғау мен экожүйені сақтау жөніндегі бірлескен іс-қимылды күшейтуге шақырды. Сондай-ақ, Арал теңізінің тағдырын еске салған Мемлекет басшысы Каспийді де осындай экологиялық апатқа ұшыратпау қажеттігін атап өтті. Мұнда ортақ мониторинг, деректер алмасу, ластану көздерін анықтау және келісілген табиғат қорғау шаралары маңызды.
Қазақстанның халықаралық ұсыныстары да осы міндеттермен байланысты болып отыр Тоқаев сирек түрлер мен биоалуантүрлілікті қорғау жөніндегі халықаралық қор құруды, Биоалуантүрлілік туралы конвенция хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматыда орналастыруды ұсынды. Сондай-ақ, су қауіпсіздігін күшейту үшін БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Әлбетте, бұл әзірге жүзеге асқан нәтиже емес, халықаралық серіктестердің қолдауын және нақты тетіктерді қажет ететін ұсыныс ретінде маңызға ие. Яғни, Қазақстанның экология мен биоалуантүрлілікті қорғаудағы ұстанымы айқын деген сөз.