KZNEWS.KZ
Қоғам

Тәулік бойы жұмыс істеген: Ақтөбеде есірткі дүкеніне арналған айырбастау пунктінің жолы кесілді

• Айгерім Асылова
Фото: ашық дереккөз

Операциялардың жалпы сомасы 400 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды kznews.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Айырбастау пункті тәулік бойы жұмыс істеген

ҚМА мәліметінше, схеманы Ақтөбе тұрғыны ұйымдастырған. Ол әлеуметтік желілерде айырбастау тобын құрып, жұмысқа жеті сыбайласын тартқан.

Қатысушылар міндеттерді өзара бөліп, күндіз-түні ауысыммен жұмыс істеген. Интернет-дүкен операторлары сатып алушыларды тапсырыс ақысын төлеу үшін осы айырбастау пунктіне бағыттап отырған. Төлем расталғаннан кейін клиенттерге есірткі жасырылған орындардың координаттары хабарланған.

"Күн сайын айырбастау пункті арқылы 50-ден 70-ке дейін төлем операциясы жүргізілген. Қаражатты қабылдау үшін үшінші тұлғаларға - дропперлерге ресімделген 22 банк картасы пайдаланылды. Кейіннен алынған қаражат криптовалютаға айналдырылып, есірткі бизнесінің кураторлары бақылайтын әмияндарға аударылып отырған", - деп хабарлады ҚМА.

400 миллион теңгеден аса қаражат криптовалютаға аударылған

Аударымдардың жалпы сомасы 918 мың USDT-ден асты, бұл 400 миллион теңгеден астам сомаға тең.

Схеманы ұйымдастырушы қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →