KZNews.kz
Қаржы

Тәуекел тест-драйвы: Ұлттық банк криптонарыққа 350 млн доллар жұмсамақ

Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Ұлттық банк еліміздің алтын және валюта резервтерінен қомақты қаржы алып, криптовалюта нарығына инвестиция салмақшы. Мемлекеттің маңызды стратегиялық сандығы саналатын алтын-валюта қорынан алынатын ақша аз емес - 350 млн доллар.

Мұндай қомақты қаржыны криптонарыққа бағыттау туралы ой сектордағы басқарушы менеджерлердің аяқ асты қабылдаған шешімі болмаса керек. Өйткені, бұл жоғары тәуекел жолы екені түсінікті. Ал қаржы саласының сарапшылары Ұлттық банктің бұл қадамынан елдің қаржы саясаты бағытындағы жаңа кезеңнің бастауын көретін сияқты. Бұл қадам бір жағынан заман талабына сай инвестициялық әртараптандыру әрекеті ретінде бағалантын болса, екінші жағынан мемлекеттің тұрақтылық активтерін жоғары құбылмалы нарыққа шығарудың экономикаға зардабы да айтарлықтай болуы мүмкін деген қауіп бар.

Бірақ, мемлекеттің криптонарыққа неге қызығып отырғанын түсінуге болады. Соңғы жылдары криптовалюта бұрынғыдай жеке инвесторлар мен венчурлық қорлардың үстеме ақша табуға арналған құралы ретіндегі рөлінен көтеріліп, бүгінде табысы жоғары институционалды активке айнала бастады. Оған АҚШ-тағы биткоин ETF-тарының іске қосылуы, ірі банктердің блокчейн жобаларға қорықпай қатыса бастауы да оң әсерін тигізгені анық. Жалпы, бұл үрдісті енді тоқтату мүмкін емес, сондықтан оған ілесу керек дейді сарапшылар. Демек, Қазақстан да бұл толқыннан шет қалмауға тиіс.

Соған қарамастан мемлекет бұл бағытта "екі шоқып, бір қарайтын" сияқты. Өйткені, Ұлттық банк алтын-валюта қорынан бөлінетін 350 млн долларға бірден криптовалюта сатып алмайды дейді. Яғни, мемлекеттің ақшасы ашық нарыққа тікелей инвестиция ретінде құйылмайды, криптоқорлар жанама инвестиция түрінде қаржыландырылмақ екен.

Себебі, криптовалюта нарығында әлі де заңдық тұрғыдан шешілмеген тәуекелдер бар. Мысалы, цифрлы ақша мәртебесі әр елде әртүрлі анықталған, кей жағдайда мемлекеттің ішкі заңдарындағы қайшылықтармен бетбе-бет келу мәселесі де туындайды екен. Мұнан бөлек, биткоин бағасының күтпеген жерден әрі шектен тыс құбылып отыруы да отандық қаржы секторындағы басшыларды ойландыруы керек.

Екіншіден, көптеген дамушы елдер сияқты Қазақстан да секторды әртараптандыру арқылы жаңа активтер іздеуге мәжбүр болып отырғанын түсінуге болады. Бір анығы, балама нарықтағы цифрлық активтердің айналымы таяу болашақта елдің арқа сүйейтін қаржы инфрақұрылымының бір бөлігі болуы да ғажап емес.

Дегенмен, экономикадағы әр тиынды санап отырған қазіргі кезеңде мемлекеттің тәуекелге барып, аумалы-төкпелі нарықтағы активтерге мол инвестиция салуының өзі қоғамдық сынға ұшырауы заңды. Өйткені, 350 млн доллар аз ақша емес. Бірақ, сарапшылар елдің алтын-валюта резервтерінің жалпы көлемімен салыстырғанда бұл сома соншалықты көп те емес деген пікірде. Ал Қазақстанның посткеңестік елдер арасынан мұндай тәуекелге алғашқы болып баруы экономикадағы, оның ішінде қаржы секторындағы тест-драйв ретінде қабылдануға тиіс.

- Қазақстанның криптонарыққа мемлекеттік резерв арқылы шығуы батыл, бірақ, есептелген қадам. Бұл толыққанды бетбұрыс емес, эксперименттік модель. Мемлекеттің жаһандық қаржы архитектурасына бейімделу әрекеті, - деп түсіндіреді Ұлттық банктің ұстанымын қаржы ұйымы төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Деп келгенде, Ұлттық банктің тәуекелге толы қадамы әзірге қоғамның талқысына түспегенін де айтуымыз керек. Жалпы, қаржы ұйымының жұмысына ашықтық жетіспейтінін ескерсек, бұл шешімнің жауапкершілігі туралы алаңдаулы сұраққа нақты жауап есту де қиын болмақ. Егер инвестиция құрылымы, тәуекелді басқару тетіктері ашық жарияланбаса, бұл шешім қоғамда түсінбестік тудыруы мүмкін.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте баста...
Автордың басқа материалдары →