Экономика

Тәтті кейс: қант нарығындағы тапшылық неден?

Тәтті кейс: қант нарығындағы тапшылық неден?
Фото иллюстрация: kznews

Былай қарағанда, 20 миллион адамды азық-түлікпен толықтай қамтамасыз ету оңай шаруа сияқты көрінгенімен, бұл жолда кездесетін мың сан фактор бар. Әсіресе, отандық тауардың импорт алдындағы әлсіздігін мойындауымыз керек. Мысалы, аграрлық әлеуетке қатысты алғанда, аймақтарда ауыл шаруашылығы өнімдерінің шикізатын дайындау жолға қойылған. Алайда өңдеу мен дайын өнімнің көлемі тұтыну нарығындағы сұраныспен қабыспайды. Сол себептен де отандық агроөнеркәсіп кешені сыртқы өндірушілермен бәсекеге қабілетсіз. Бұл азық-түлік саудасындағы бағаның тұрақсыздығына әкеліп отыр.

Нақты мысал ретінде қант өндірісін алайық. Дерекке қарасақ, еліміздің қант тұтынуға деген сұранысы толық өтелмейді екен. Әрине, ішкі өндірістің өніміне қатысты алғанда. Мәселен, ішкі тұтыну нарығының қантқа деген айлық сұранысы 42-45 мың тонна шамасында болса, жылдық өтінім 500 мың тоннаға дейін өседі екен. Ал былтыр нарықта сатылған қанттың көлемі 342,5 мың тоннаға жеткен. Бұл сырттан енген импорттық өнімді қосқандағы көрсеткіш. Оның ішіндегі отандық өндірістің үлесі 168,2 мың тонна шамасында ғана екен. Демек, импорт пен отандық өндіріс жабылып тұтыну нарығындағы сұранысты өтей алмай отырғаны анық. Ал елде қант тапшылығы жыл сайын қайталанады. Өйткені, ішкі-сыртқы өндірістің дайын өнімі қосылғанның өзінде ел тұтынатын тәттінің 68,5 пайызы ғана айналымға енген.

Бір қызығы, ішкі нарықтағы тапшылыққа қарамастан еліміздің қант экспорты жыл сайын ұлғайып барады. Статистикаға қарасақ, 2024 жылдың қаңтар–қараша айларында еліміз шамамен 126 000 тонна қант экспорттаған. Бұл көрсеткіш 2023 жылға қарағанда 13 есе көп болып шыққан. Ал экпорттың негізгі бағыты Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан секілді көршілес елдерге бұрылған. Яғни, қазақтың қант саудасы қазынаға 50 миллион АҚШ доллары көлемінде кіріс әкелді деген дерек бар. Ал бұл кезде ішкі нарықтағы қант тапшылығының үлесі 30-40 пайыз шамасында сақталып тұрған екен.

Қазақ қантына деген сұраныстың артуы заңды құбылыс. Себебі, біздің өнім табиғи шикізаттан шығады. Бүгінде ішкі нарық пен экспортқа шығатын тәтті өнім 100 пайызы қант қызылшасынан алынған. Есесіне, келетін импорттық өнімнің дерлігі қант қамысынан алынған сары қант болып отыр.

Салыстыру үшін біз қант қызылшасын өсіретін Жетісу облысындағы өнім дайындау мен өңдеу ісіне шолу жасап көрдік. Жетісу облысы әкімдігінің мәліметінше, биыл өңірде қант қызылшасы шамамен 12,2 мың гектарға егілген. Қазір Ақсу, Алакөл, Сарқан, Ескелді және Көксу аудандарында өнім жинау жұмыстары басталды. Жинауға 113 комбайн мен 52 жапырақ жинағыш машина қатысуда. Комбайндардың қуаттылығы күніне 700 гектарға дейін жинауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 240 гектар танап қазылып, 10 мың тоннадан астам өнім жиналды, орташа түсім – гектарына 422,6 центнер.

– Ауыл шаруашылығы саласында қант қызылшасы аса маңызды. Біздің облыста тәтті түбірді өсіру жақсы жолға қойылған. Жергілікті бюджеттен өндірілген қант қызылшасының тоннасына 25 мың теңге субсидия төленсе, зауыттар тоннасына тағы 15 мың теңге береді. Нәтижесінде сатып алу бағасы 40 мың теңгеге жетеді. Сонымен қатар қызылша өсірушілер сатып алынған тұқымдар, минералды тыңайтқыштар, пестицидтер үшін де субсидия алады. Оларға арзандатылған жанар-жағармай, лизингке техника ұсынылады. Облыста барлығы қызылша бағытындағы 25 сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейді. Онда 450-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар. Бүгінде екі зауыт та астықты қабылдап, өңдеуге дайын. Ақсу қант зауыты көліктердің тұрған кезегіне сәйкес күніне 3 мың тоннаға дейін қабылдаса, Көксу қант зауыты кесте бойынша күніне 2 мың тонна өнім алуға қауқарлы. Жалпы алғанда 528 мың тонна өнім алынады деп күтілуде. Оның 292 мың тоннасы Ақсу қант зауытына, 236 мың тоннасы Көксу зауытына бағытталады, – дейді тақырыпқа орай Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Жалпы, Жетісу облысындағы Ақсу және Көксу қант зауыттарының биылғы таза қант өндіруге қатысты жоспары мықты екен. Екі зауытта барлығы 528 мың тонна қант қызылшасын қайта өңдеу міндеті тұр. Бірақ... 

Бірақ, бір ғана облыстағы өндірістің өнімі 528 мың тонна болса, ішкі нарықтағы қантқа деген тапшылық неге өтелмейді деген сұрақтың басы ашық қала береді...

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz