Ата-аналардың айтуынша, балалардың жағдайы 31 қазанда қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін нашарлаған. Бір тәулік ішінде 15 бала ауырған.
Ташкентте Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестиваліне қатысуға барған Қарағандының жас футболшылары жаппай сырқаттанды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ата-аналар таңғы ас кезінде жұмыртқа жемеген сегіз баланың ауырмағанын айтып, балалар астан уланған болуы мүмкін деп топшылайды. Алайда аурудың нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Алдын ала диагноз ретінде улану тіркелгенімен, зертханалық талдау нәтижелері жарияланбаған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бірнеше баланың денсаулығы күрт нашарлағанын растады. Ведомствоның мәліметінше, көмекке мұқтаж балалар Өзбекстандағы мамандандырылған медициналық мекемелерге жатқызылып, қажетті ем алып жатыр.
Ауруханаға Қазақстан консулы мен Өзбекстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары барған. Балалардан ПТР-тест тапсыру үшін сынама алынып, нәтижесі 12 сағат ішінде дайын болуы тиіс. Ата-аналардың өтінішінен кейін науқастарды басқа медициналық мекемеге ауыстыру да басталған.
Ал қонақүй әкімшілігі ауырмаған балалар мен олардың ата-аналарының Астанаға қайтуы үшін әуе билеттерін брондап жатқаны хабарланды.
Қазір қазақстандық дипломаттар балалардың туыстарымен және медициналық мекемелермен байланыста болып, жағдайды бақылауда ұстап отыр.