Тараз қаласында оқушы қызды қатарластары жабылып соққыға жыққан. Жәбірленушінің анасының айтуынша, жасөспірім ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода анасы «қызымды 25-ші мектептің 7–8 оқушысы жабылып ұрып кетті, суық қарумен келген, кастетпен жұдырықтаған» деп мәлімдеген. Оның айтуынша, қызын кейін реанимациядан шығарған.
Полиция оқиғаны растады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, төбелеске қатысқан жасөспірімдердің барлығы анықталған.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, күдіктілердің туыстары отбасына қысым көрсетіп, қорқытып жүрген көрінеді.
«Маған келіп, түрлі сөз айтып, “өлтіріп кетемін” деп қорқытады», – дейді анасы.
Полиция мәліметінше, кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларын тәрбиелеу міндетін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Жасөспірімдер профилактикалық есепке алынып, оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.