22 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекіту туралы №1474 Жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, Кеңес құрамына 126 адам кірді, деп хабарлайды kznews.kz
Тізімде Нұртөре Жүсіп 37-орында көрсетілген. Ресми құжатта ол «Қазақстанның Медиа Альянсы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, қоғам қайраткері ретінде таныстырылған. (Inform.kz)
Нұртөре Жүсіп – қазақ журналистикасында ұзақ жыл еңбек еткен қаламгер. Бұған дейін ол Қазақстан Халық Кеңесі туралы заң жобасын талқылауға да қатысып, жаңа институттың халық мүддесін ашық әрі жүйелі түрде білдіруге арналған алаң қалыптастыруға бағытталғанын айтқан.
Сондай-ақ Кеңес құрамына журналист, қоғам қайраткері Ермұрат Бапи енді. Ол ресми тізімде 17-орында көрсетіліп, қоғам қайраткері ретінде берілген.
Жалпы, Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, білім, ғылым, медицина, мәдениет, спорт, бизнес және басқа да салалардың өкілдері кірді. Жарлық қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізілді.