Қаңтардың 20-cы күні кешкісін фотограф Санан Алескеров жараланғандар мен қаза тапқандар жеткізілген ауруханаға барған.
“Онда біраз суретке түсірдім, бірақ келесі күні шеберханама өздерін “Халық майданы” мүшелеріміз деп таныстырған бірнеше адам келіп, пленканы сұрады. Суреттерді Батысқа жіберу керек деді. Бұл адамдарды бірінші рет көрсем де, сеніп, пленканы бердім. Сол суреттерді қайда жібергенін әлі күнге білмеймін. Мүмкін, шынымен Батысқа жіберген шығар” дейді ол.
“Ол кезде бізді қорғайтын әскер жоғына көзіміз жетті. Біздің көзімізді құртуға дайын әскер ғана бар. Отан алдындағы борышымызды өтеген кезде өзіміз де қызмет атқарған әскер бір сәтте өзімізге қарсы шықты. Мұндай әскерге ары қарай сену мүмкін болмады. Бірақ басымнан өткен бар жағдайға қарамастан, күйзеліске түскен жоқпын. Ештеңеге таңғалмадым” дейді Шахбаз Худуоглу.
Қаңтардың 22-сі күні телевизия қайта қосылып, одан қырғын құрбандарын жерлеу рәсімін көрсетті. Марқұмдарды сол кезде Ленин атында болған, қазір Азадлыг (Азаттық) деп аталатын алаң арқылы алып жүрді. Қалың халық орталық арқылы сол күні шахидтер (Әзірбайжанда соғыста немесе тәуелсіздік үшін күресте қаза тапқандарды шахид деп атайды) аллеясына айналған таудағы саябаққа жаяу жүріп барды.
“Адам өте көп болды, бәрі қара түсті киім киген. Теледидардан көргеннің өзінде бұл көрініс көңіліңді құлазытады. Оған қоса, репродуктордан сол кезде халықтық қозғалыстың жарияланбаған әнұраны болған “Ayrılıq” (“Айырылу”) әні ойнап тұрды. 50-жылдардың әдемі әні әлі күнге сол күнгі жерлеу рәсімін есіме салады. Қалампыр гүлін де содан бері ұнатпаймын” дейді Эмилия Рагимова.
“Жерлеу күні ештеңе түсіре алмадым – шамам келмеді. Дұрыстап суретке түсіруге қайғылы оқиғадан кейін қырық күн өткенде ғана мұршам келді. Ол кезде адамдар шахидтер аллеясында жиналып, ислам дәстүрімен марқұмдарды еске алды. Қолымда сол күннен сақталып қалған суреттерден басқа ештеңе жоқ” дейді Санан Алескеров.
Көбі 40 күн бойы бүкіл қала аза тұтқанын айтады. Ер адамдар сақалын алмай, аулада марқұмдарға құран бағыштаған.
Эмилия Рагимова қазір зейнетке шыққан. Әлі сол үйде тұрады. Оның үйіне жақын жерден 20 қаңтар құрбандарын еске алу мемориалы ашылған.
Замина Джаббарова – зейнет жасында, жұмыс істейді.
Таня Ковалева өсіп, экономист болған.
Шахбаз Худуоглу Qanun баспа үйін басқарады.
Санан Алескеров әлі де фотографиямен айналысады.
Ерлі-зайыпты Лейла мен Ариф Юнустар тәуелсіз Әзірбайжанда құқық қорғау қызметін жалғастырған. 2014 жылы алаяқтық, салық төлеуден жалтару, заңсыз кәсіпкерлік пен құжаттарды қолдан жасау баптары бойынша айып тағылып, түрмеге қамалған. Халықаралық қауымдастық, ең алдымен Еуропа одағы ұйымдастырған көп наразылықтың арқасында олардың жазасы шартты мерзімге ауысты. 2016 жылы олар Нидерланд еліне қоныс аударды, қазір сонда тұрады. Бірақ туған жерінде олардың үстінен қозғалған қылмыстық іс жабылған жоқ.