KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

“Тамақ жай ғана суып қалған”: Тәрелкеге жабысып қалған әскердегі сарбаздардың тамағы жұртты шошытты

• Айжан Сыланова
Фото: видеодан скриншот

Солтүстік Қазақстан облысында әскери жиынға қатысушылардың тамақтану жағдайы түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Осыған байланысты жауапты органдар оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Видео көпшілік арасында түрлі пікір туғызғаннан кейін жағдайға қатысты ресми түсініктеме берілді.

Ресми мәліметке сәйкес, оқиға Солтүстік Қазақстан облысында өткен әскери міндеттілердің жиыны кезінде болған. 22 қыркүйекте оқу-жаттығудың белсенді кезеңі аяқталған соң әскери міндеттілер тамақтану орнына барған.

Жеке құрамның басым бөлігі белгіленген уақытта тамақтанған. Алайда 1-взвод әскери қызметшілері асханаға кешігіп келген. Соның салдарынан олардың алдына қойылған дайын тағамдар салқындап қалған.

Жағдай белгілі болғаннан кейін жауапты тұлғалар тиісті шара қабылдаған. Тағамдар қайта жылытыладып, әскери міндеттілерге ыстық күйінде ұсынылған.

Бұдан бөлек, видеоға қатысты әскери жиынға қатысушылардың өздері де пікір білдірген. Бейнежазбаны түсірген азаматтардың айтуынша, видео әзіл ретінде түсірілген. Олар тамақтану сапасына байланысты ешқандай шағымы немесе талап-тілегі жоқ екенін жеткізген.

Жауапты тараптың мәліметінше, әскери жиын барысында жеке құрамды тамақтандыруды ұйымдастыру Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі тарапынан арнайы қызмет көрсететін ұйымға жүктелген.

Қазіргі уақытта аталған жағдайға байланысты ресми түрде ешқандай шағым тіркелмеген. Оқиға барысында мәселе жедел түрде шешіліп, әскери жиынға қатысушыларға ыстық тамақ берілген.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →