Талғатты құртқан тобыр: Ермегияевтың інісі ел білмейтін шындықты айтты
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Талғатты құртқан тобыр: Ермегияевтың інісі ел білмейтін шындықты айтты

Талғатты құртқан тобыр: Ермегияевтың інісі ел білмейтін шындықты айтты
Ашық дереккөз

Қоғам белсендісі Тортуыл Шоқан әлеуметтік желіде бұрынғы шенеунік Талғат Ермегияевтің тағдыры туралы жазба жариялап, билік пен атақ-даңқтың уақытша екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.

Белсендінің айтуынша, кезінде қызметі өсіп, ықпалы артқан кезеңде Ермегияевтің айналасында адамдар өте көп болған. Оның сөзінше, әншілер, спортшылар, түрлі деңгейдегі шенеуніктер, ағайын-туыс пен таныстар, тіпті шетелден келген адамдар да оған жақындауға тырысқан.

– Талғаттың тасы өрге домалап тұрған кезде оны жағаламаған адам қалмады. Әнші де, спортшы да, рангы жоғары-төмен шенеуніктер де, ағайын-туыс пен жолдас-жора да жанынан табылды. Тіпті сырттан келіп танысқан шетелдіктер де болды. Көріпкелдер мен карта ашатындар оның жақында қызметте көтерілетінін айтып, Райымбек батырдың қасында жүргенін түстерінде көргендерін жеткізіп жатты, – деді Тортуыл Шоқан.

Белсендінің сөзінше, Ермегияев мемлекеттік қызметке дейін бизнесте жүрген және табысын достары мен таныстарына да жұмсаған.

– Мемқызметке дейін бизнесте болды, жиған-тергенін «досым» дегендерге шашты. Ол кезде жас еді, мақтауға мас болғаны да рас. Бір туған күнінде 120 адам жиналғанының куәсі болдым. Алматыға алғаш келгенде ақылын айтып, оқуыма көмектесіп, кейін үй алуымызға да қолдау көрсеткен ағама мен де қымбат сыйлық тарту еттім. Ол – жаңа Toyota Land Cruiser 200 болатын. Алғашында алғысы келмеді, әрең көндірдім, – деп жазды ол.

Тортуыл Шоқан сондай жиындардың бірінде үлкен кісінің айтқан ескертуін де еске алған.

– Сарыжаз ауылында өткен бір отырыста Тахаңның адресіне айтылған мадақтарды естіп отырған үлкен нағашым Совет аға бөлмеден шығып: «Әй, өңшең жағымпаздар, мынаны сендер бір нәрсеге ұрындырайын деп жүрсіңдер ме? Талғат, сенің Назарбаевқа сеніп жүргенің өзіңе проблема болады. Қазір сені мақтап отырғандардың ішінде ертең сатып кететіндер де бар», – деген еді, – деді белсенді.

Оның айтуынша, уақыт өте келе бұл сөздердің растығы байқалған.

– Назарбаевтың жаласымен түрмеде отырғанына 10 жылдан асты. Бұрынғы мың досынан қазір біреу де қалмаған. Ішті, жеді, алды, алғызды, пайдаланды да кетті, – деді Тортуыл Шоқан.

Белсенді жазбасының соңында адам артық мақтауға ермеуі керектігін атап өтті. Оның пікірінше, әркім өз бағасын біліп, шамадан тыс мадаққа тоқтау сала білуі керек.

Автор
Азамат Қойшығара

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері - kznews.kz сайтының тілшісі.