Талғар қаласының әкімі Арыстанбек Әбілхаирұлы денсаулығының нашарлауына байланысты жұмыстан кету туралы өтініш берген. Бұл ақпаратты қала әкімдігінің ресми Instagram парақшасы жариялады.
2024 жылдың желтоқсан айынан бері Талғар қаласының әкімі лауазымында болған ол жұрт назарында әлеуметтік желідегі танымалдығымен қалған санаулы шенеуніктің бірі еді. Әсіресе, шағын қаланың қым-қуыт шаруасын TikTok-тағы тікелей эфирде талқылап, тұрғындардың өтініш, шағымына да желі арқылы жедел реакция білдіретін.
"Бүгіннен бастап денсаулығыма байланысты қызметімді тоқтату туралы шешім қабылдадым. Ең алдымен, маған сенім білдірген, сайлауға белсенді қатысып, дауыс берген барлық тұрғындарға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің қолдауларыңыз маған үлкен жауапкершілік артты. Бұл шешім оңай болған жоқ. Денсаулығыма байланысты біраз уақыт еңбек демалысында болдым. Ойлана келе жұмыстан кетуді ұйғардым, себебі денсаулық жағдайы қызмет міндеттерін толық және жауапкершілікпен атқаруға кедергі болмауы керек" деп жазды Арыстанбек Әбілхаирұлы.
Экс-әкім Талғар қаласында 1 жыл 2 ай қызмет атқарды. Осы уақыт ішінде қалада әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға барын салғаны анық.
"Арнайы алғысымды Талғар ауданының басшысына, әріптестеріме, Талғар тұрғындарына және қадірлі ақсақалдарға білдіремін. Алдағы уақытта қаланың дамуына бей-жай қарамаймын және тұрғындардың игілігіне бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырамын" дейді ол қоштасу жазбасында.
Айтпақшы, Арыстанбек Әбілхаирұлы 2024 жылдың 15-желтоқсанында өткен сайлауда жеңіске жеткен болатын. «Amanat» партиясы ұсынған ол екі қарсыласын басым дауыспен ұтып, әкім орынтағына отырған еді.