Талғар қаласында хабар-ошарсыз кеткен 27 жастағы Ғалымжан Шерзатұлының денесі туған жеріне жеткізіліп, ақтық сапарға шығарып салынды. Бұл туралы заңгер Бағдат Амандосұлы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Марқұм Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Абай ауылында жерленген. Заңгердің айтуынша, жаназа рәсімі ауыр қайғы мен қоғамды толғандырған сұрақтарға толы жағдайда өтті.
"Бүгін Ғалымжанды туған жері Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылына апарып соңғы сапарға шығарып салдық. Жаназа – әділетсіздікке толы ауыр шындықтың куәсі болды. Біз үнсіз қала алмаймыз. Ғалымжан Талғар ауданы полициясы тарапынан азаптауға ұшырады. Бұл – жай сөз емес, бұл – жауап беруді талап ететін айып. Ақиқат ашылуы тиіс. Кінәлілер жазасыз қалмауы керек. Ғалымжанның қаны – біздің ар-ожданымызда. Ұмытпаймыз. Күресеміз. Әділдікке дейін тоқтамаймыз. Жаратқан Аллам, осы Шерзатұлының өліміне қатысты тұлғалардың барлығын әшкереленіп, заң алдында жазаға тартуға маған сабырлық пен қуат бере көр!" – деп жазды Бағдат Амандосұлы.