Талғар полицейлері жағымсыз даулы оқиғаның ортасында қалды. Құқық қорғау органдарын 27 жастағы ер адамға қысым көрсеткен деп айыптап отыр. Жақындарының айтуынша, содан кейін ол өз-өзіне қол жұмсаған. Ең сорақысы – марқұмның денесі аты-жөні көрсетілмеген қабірге жерленген, ал туыстары бұл жайды арада бір ай өткенде ғана білген. Енді олар мәйітті қазып алып, қайта жерлеуді талап етіп отыр, деп хабарлайды kznews.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Көз жасына ерік берген анасы зиратқа барып, баласының қабірін іздеп жүр. Гүлнар Момынованың айтуынша, 27 жастағы ұлы Ғалымжан желтоқсанның соңында жоғалып кеткен. Туыстары бірден іздеуге кірісіп, полицияға да жүгінген, бірақ нәтиже болмаған. Ал бір ай өткенде әйелге ұлының қайтыс болғаны хабарланған.
"Күйеуім ұлымыздың үйге оралмағанын айтты. 28 желтоқсанда мен Түркістаннан келдім. Барлық достарына телефон шалып, полицияға бардым. Сөйтсем, ұлым интернетте бір қызбен танысқан екен. Бірақ ол 14 жастағы жасөспірім ұл болып шықты. Олар тек хат алмасқан", – деді анасы Гүлнар Момынова.
Жақындарының сөзінше, ер адамға «кәмелет жасына толмағанға тиісу» деген күдік тағылған. Алайда Ғалымжан қалдырған қоштасу хатында бұл туралы айтылмаған. Ол жазбасында құқық қорғау органдарын кінәлап, анасынан кешірім сұраған.
"Ұлым қоштасу хатында Талғар қаласының полицейлері өзін ұстап әкеткенін жазған. Ал бөлімшеде басына қап кигізіп, ұрып-соққанын айтады. Хатта өзіне қалай қысым жасалғанын баяндапты", – деді анасы.
Арада бір ай өткенде марқұмның туыстарымен Алматы қаласының полицейлері байланысқа шыққан. Дәл солар Ғалымжанның денесі есімі жазылмаған зиратқа жерленіп кеткенін айтқан.
"Жиенім жұмыс істеп, ата-анасына көмектесіп жүрген. Оны өз-өзіне қол жұмсауға жеткізді, үстіне үстеме болып, жерлеп тастаған. Неге бізге мәйітті бермеді? Баламызды адамша өзіміз жерлеуіміз керек еді", – дейді әпкесі Гүлзар Қапашова.
Алматы облысы полиция департаменті: Талғардың бір тұрғыны 27 жастағы ер адамды кәмелетке толмағанға тиісу әрекеті бойынша айыптаған. Соған байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктіге сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнгені айтылады. Қазір ведомство бұл оқиғаға қатысты тексеріс бастаған.
"Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл бап сексуалдық сипаттағы тиісу әрекеті үшін жауапкершілікті көздейді. Тергеу барысында мессенджерлердегі хат алмасу материалдары және істің мән-жайын анықтауға маңызды өзге де мәліметтер зерттелді. Күдіктінің туыстары айтқан полиция қызметкерлерінің ықтимал заңсыз әрекеттері туралы уәждер де тексеріледі және заңнамаға сәйкес қаралады", – деді Алматы облысы полиция департаментінің өкілдері.
Ал қызметтік тексеріс Алматы қаласының полициясында да басталған. Онда жерлеу кезінде қызметкерлер тарапынан салғырттық болуы мүмкін екенін жоққа шығармай отыр.
"Жетісу аудандық полиция басқармасы қызметкерлері тарапынан құқық бұзушылық белгілері анықталса, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Міндетті түрде жаза болады. Біз марқұмның жақындарының жанайқайын түсінеміз. Мұндай жағдайлар тәжірибеде мүлде болмауы тиіс" , – деді Алматы полицисының ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қазір марқұмның туыстары мәйітті қазып алып (эксгумация), қайта жерлеуді талап етіп отыр. Полицейлер рәсімдерді рәсімдеу барысында көмектесуге уәде берген.