Талдықорғанда Audi көлігі қазылған шұңқырға түсіп кетті. Полиция жүргізушіні іздеп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлеуметтік желіде шұңқырға түсіп кеткен Audi көлігінің видеосы тарады. Автордың айтуынша, видео қаланың орталық бөлігінде - Жансүгіров пен Рүстембеков көшелерінің қиылысында түсірілген.
Полицияның мәліметінше, оқиға 9 мамырда болған. Көліктің иесі оқиға орнында болмаған, қазір оны іздеу жұмыстары жүріп жатыр.
"Алдын ала мәлімет бойынша, Audi жүргізушісі жылу трассасын жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерге қойылған металл қоршауды соққан. Содан кейін көлік арнайы қазылған қазаншұңқырға түсіп кеткен. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Жүргізушінің қайда екені анықталып жатыр", — деп хабарлады Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жол апатына "Талдықорғантеплосервис" мекемесі де пікір білдірді. Онда жүргізушінің мас күйде болғаны айтылды. Мәліметке сүйенсек, оқиға шамамен таңғы сағат 4-те болған.
"Жансүгіров көшесінде диаметрі 700 миллиметр болатын жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс орны қоршалып, ескерту жол белгілері қойылған. Көлік жүргізушісі белгілерді елемей, қоршауды бұзып өтіп, бөлшектеліп жатқан учаскенің шұңқырына түсіп кеткен. Қолда бар ақпарат бойынша, ол алкогольдік мас күйде болған және оқиға орнынан қашып кеткен", — делінген хабарламада.
Audi иесі — Талдықорған тұрғыны. Құқық қорғау органдары оның жасы мен жеке басына қатысты мәліметтерді жарияламады.
Қала билігі тұрғындарды жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумақтарда барынша сақ болуға шақырды.