3 наурызда Таяу Шығыстағы шиеленіс аймағынан 400-ге жуық қазақстандықты эвакуациялау жоспарланған. Азаматтарды елге қайтару бірнеше бағыт бойынша кезең-кезеңімен жүргізілуде, деп хабарлайды kznews.kz.
Алғашқы рейсті Flydubai әуе компаниясы орындап, шамамен сағат 9:00-де Қазақстанға 170 жолаушы жеткізді. Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл рейспен алдын ала билет алған азаматтар оралған. Қалғандары Оманарқылы шығарылмақ.
Қазіргі таңда Біріккен Араб Әмірліктері билігі ұшуларға тек ұлттық тасымалдаушыларға рұқсат берген. Әуе кеңістігі ашылған жағдайда, Air Astana және SCAT компанияларының алты ұшағы эвакуацияға жіберіледі. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бүгін Дубайдан азаматтарды транзиттік бағытпен — Оман және Қатар арқылы шығару ұйымдастырылғанын хабарлады. Алғашқы автобус колоннасы Оманға жол тартты. Бір күнде шамамен 467 адамды эвакуациялау көзделген.
Сонымен қатар, Сауд Арабиясы аумағындағы азаматтарды да шығару жоспарда бар. Олар Қатар арқылы Эр-Рияд пен Джиддаға жеткізіліп, ары қарай Қазақстанға ұшақпен жөнелтіледі. СІМ орынбасары Әлібек Бақаевтің айтуынша, Джиддадан алдымен кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер, қарттар және науқас жандар қайтарылады.
Иранның әуе кеңістігі жабық болғандықтан, ондағы қазақстандықтар жерүсті жолымен эвакуациялануда. Азаматтарды Түрікменстан, Армения және Әзербайжан арқылы шығару қарастырылған. Бұған дейін Иранның Горган қаласынан 17 қазақстандық Түрікменстан арқылы елге бағыт алған.
СІМ мәліметінше, қауіпті аймақтардан қайтарылатын азаматтар жол ақысы үшін төлем жасамайды. Эвакуациялау шаралары жалғасып, жағдай тұрақты бақылауда тұр.