Алматыда хабар-ошарсыз кеткен 27 жастағы Ғалымжан Шерзатұлының өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның ата-анасы оның Талғар аудандық полиция бөлімінде азаптауға ұшырағанын айтып, әділ тергеу талап етуде. Ал ресми органдар істің заң аясында қаралып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.
Оқиға қалай басталды?
Ғалымжан Кәрімов — Түркістан облысы, Келес ауданының тумасы. Алматыда жұмыс істеп, қосымша табыс ретінде такси жүргізген. Жақындарының айтуынша, ол ашық мінезді, сабырлы, адамдармен тез тіл табысатын жан болған.
2025 жылдың 24 желтоқсанында Ғалымжан танысу сайтында қызбен сөйлесіп, кездесуге келіседі. Анасы Гүлнәр Момынованың айтуынша, кездесуде оның шын мәнінде 14 жастағы жасөспірім жігіт екені анықталған. Сол күні байланыс тоқтатылғанымен, екі жақтың телефондары шатасып кеткен. Келесі күні Ғалымжан телефонын қайтарып алу үшін Талғарға қайта барған.
Ұстау және күмәнді жайттар
Туыстарының сөзінше, сол күні оны Талғар аудандық полиция қызметкерлері ұстап әкеткен. Ғалымжан кейін қалдырған хатында полиция бөлімінде азаптауға ұшырағанын жазғаны айтылады. Хат мазмұнында бейнебақылау камералары сөндіріліп, басына пакет кигізілгені және соққыға жығылғаны туралы деректер бар делінеді.
Азаптаудан кейін ол босатылып, сол күні түнде үйіне оралған. Анасының айтуынша, қайғылы күннің алдында олар ұзақ сөйлескен.
«Ұлым денсаулығымды сұрап, өзімді күтіп жүруімді өтінді. Таңға қарай көңілім алаңдай бастады», – дейді анасы.
Келесі күні таңертең Ғалымжан жалдамалы пәтерінен шығып кеткен. Ұялы телефонын үйде қалдырған. Әкесі екі күннен кейін үйіне оралмаған соң іздеу жұмыстарын бастаған. Сол кезде үйде қалған телефоннан қоштасу хаты табылған.
Іс қалай тіркелді?
Туыстары Талғар полициясына барғанда, Ғалымжанға қатысты қылмыстық іс тек 27 желтоқсанда — яғни ұсталғаннан екі күн өткен соң ғана ҚР ҚК 121-1 бабы («Он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу») бойынша тіркелгенін білген.
Ал Ғалымжанның денесі кейін Алматы маңынан табылған. Алайда, ата-анасының айтуынша, мәйіт «туысы жоқ адам» ретінде жерленген. Бұл туралы отбасы тек 40 күннен кейін ғана хабардар болған.
«Ұлымызды бөтен адамдардың арасына жерлеп жіберген. Денедегі іздер жойылып кетсін деп уақыт созғандай әсер қалдырады», – дейді марқұмның туыстары.
Қандай баптармен тергеліп жатыр?
Қазіргі таңда іс ҚР ҚК 146-бабы («Азаптау») бойынша қозғалған. Ата-анасы істің ҚР ҚК 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша да саралануын талап етіп отыр.
Олар бұл істің ашық, әділ және тәуелсіз тергелуін қалайды.
Полиция не дейді?
Талғар аудандық полициясы 2025 жылдың желтоқсан айының соңында кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасынан арыз түскенін растады. Осыған байланысты 121-1 бап бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің ықтимал заңсыз әрекеттері туралы шағымдар да тексеріліп жатқанын мәлімдеді.