2022 жылдан бері әйелді жүйелі түрде мазалаған азамат 25 тәулікке қамалды
Қызылорда қаласының №2 соты бірнеше жыл бойы әйелді аңдып, мазасын алған ер адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды kznews.kz.
Облыстық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, іс Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы, сталкинг бойынша қаралған. Іс материалдарына сәйкес, айыпталған ер адам жәбірленуші қызға әлеуметтік желілер арқылы хат жазып, ұялы телефонмен және «WhatsApp» мессенджері арқылы қайта-қайта хабарласқан. Жәбірленуші байланыс орнатудан бас тартып, оның абоненттік нөмірлерін бұғаттағанына қарамастан, сотталушы мазалауын тоқтатпаған.
Бұдан бөлек, ер адам жәбірленушінің тұрғылықты мекен-жайы мен жұмыс орнына бірнеше рет барып, көлігімен аңдыған. Осылайша, ол 2022 жылдан бері әйелді жүйелі түрде қудалап келгені анықталды.
Сот отырысында жәбірленуші болған оқиғалардың салдарынан қала ішінде еркін жүріп-тұра алмай, үнемі үрейде жүргенін, тіпті басқа мекен-жайға көшуге мәжбүр болғанын айтқан. Ол соттан заңнамаға сәйкес жаза тағайындап, моральдық зиян өндіруді сұраған.
Сот үкімімен айыпталушы қылмыстық кодекстің "сталкинг" бойынша кінәлі деп танылып, 25 тәулікке қамауға алынды. Сондай ақ, жәбірленушінің пайдасына 500 000 теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді.
Еске салайық, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік көздейтін 115-1-бап былтыр 16 қыркүйекте күшіне енген. Аталған бапқа сәйкес, қудалау, қорқыту және адамның қауіпсіздігі мен психологиялық жай-күйіне қатер төндіретін өзге де жүйелі мазалау әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.