KZNews.kz
Жаңалықтар

Тағы да 7 трлн теңге туралы: ақпарат ашық талқылауға арналмаған

Фото: скришот kznews

Бұған дейін еліміздегі екінші деңгейлі банктердің бірінен шетелге жасалған ірі көлемдегі транзакция туралы жазғанбыз.

Өйткені, кеше Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, Президент тексеруге пәрмен берген 7 трлн теңгенің бір мезетте жасалған аударым емес, жыл ішіндегі жиынтық аударым болуы мүмкін екенін айтқан еді.

Жария болған ақпаратқа орай бүгін Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров түсініктеме берді. Ол өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменін нақтылап, Мемлекет басшысы тексерілмеген ақпаратты айтпайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, егер Президент 7 трлн теңге көлемінде транзакциялар болғанын айтса, демек, мұндай операциялар шынымен орын алғаны анық.

Сондай-ақ, баспасөз хатшысы бұл ақпараттың ашық талқылауға арналмағанын да атап өтті. Яғни, аталған мәлімет қызметтік сипатта болған.

- Президент саяси және дипломатиялық әдепке байланысты транзакция жасалған қаражаттың қай елден келгенін, қай елге жіберілгенін, сондай-ақ операцияны жүзеге асырған банктің атауын әдейі жарияламаған.Бұл жерде негізгі мәселе 7 трлн теңгенің табиғатын қалай түсіндіруде, - деді Айбек Смадияров.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте баста...
Автордың басқа материалдары →