KZNEWS.KZ
Әлеумет

Табыс пен тұрмыс: 10,6 пайыздық өсім мен 0,7 пайыздық құлдырау нені білдіреді?

Фото: ашық дереккөздерден

Алайда, инфляция әсерін есепке алғандағы жағдай мүлдем өзгеше болып шыққан. Статискаға сәйкес, 2025 жылы халықтың нақты ақшалай табысы 0,7 пайызға төмендеген. Яғни, осы екі көрсеткіштің арасындағы айырмашылық Қазақстандағы табыс өсімінің халықтың тұрмыс деңгейіне оң әсер етпегенін көрсетеді. Анығы, азаматтардың қолына түсетін ақша көлемі артқанымен, тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы сол өсімді іс жүзінде азайтып отыр.

Жалпы, номиналды табыс дегеніміз адамның алған ақшасының мөлшерін білдіреді. Ал нақты табыс сол ақшаға қанша тауар мен қызмет сатып алуға болатынын нақтылайтын көрсеткіш. Сондықтан халықтың әл-ауқатын бағалауда екінші көрсеткіш маңыздырақ.

Яғни, 2025 жылғы статистика осы тұрғыдан алаңдатарлық сигнал береді. Егер табыс 10,6 пайызға өсіп, нақты табыс керісінше 0,7 пайызға төмендесе, онда кірістің номиналды ұлғаюы бағаның өсуін толық өтей алмаған болып шығады.

Бұл, әсіресе тұрақты табысқа тәуелді азаматтар үшін маңызды. Жалақысы немесе әлеуметтік төлемі белгілі бір пайызға өскенімен, күнделікті тұтынатын азық-түлік, коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмек, көлік және басқа да шығындар бұдан жылдамырақ қымбаттаса, адамның нақты қаржылық мүмкіндігі кеңеймейді.

Сондықтан статистикалық пропагандаға сәйкес "тұрғындардың табысы 10,6 пайызға өсті" деген көрсеткішті жеке алып, жалпы тұрмыс деңгейі жақсарды деген қорытынды жасауға болмайды екен Статистикадағы нақты табыс көрсеткіші керісінше жағдайды көрсетіп отыр. 

Айтпақшы, бұл жерде тағы бір мәселе бар. Орташа жан басына шаққандағы 238 862 теңге барлық азаматтың дәл осындай табыс табатынын білдірмейді. Демек, есепке алынған орташа көрсеткіш жоғары және төмен кірісті топтардың арасындағы айырмашылықты жасыруы мүмкін. Сондықтан халықтың нақты жағдайын бағалау үшін табыс құрылымы, жалақы медианасы, инфляция деңгейі және тұтыну шығындары сияқты көрсеткіштерді қатар қарау қажет.

Қысқасы, 2025 жылғы статистиканың өкінішті жаңалығы табыстың өсуі емес, табыс өсімінің инфляцияны басып оза алмағанын көрсетіп отыр. Яғни, ақша көбейгенімен, оның сатып алу мүмкіндігі азайған.

Тоқетерін айтқанда, бұл мәліметтер Қазақстан экономикасындағы маңызды қайшылықтан хабардар етеді. Яғни, экономикалық және номиналды көрсеткіштердің өсуі халықтың күнделікті тұрмысында шынайы түрде сезіле бермейтінін мойындауымыз керек сияқты...

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →