Елордадағы Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана төрінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Табиғатты бірге қорғайық!» атты өзгеше экологиялық квест өтті. Тағылымды шараға Мағжан Жұмабаев атындағы Халықаралық колледждің студенттері қатысып, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын талқылады, деп хабарлайды kznews.kz.
Интеллектуалды викторина түрінде ұйымдастырылған басқосуда жастар экологияның өзекті мәселелерін ортаға салды. Атап айтқанда, ауаны ластаудан сақтану, қалдықтарды қайта өңдеу және табиғи ресурстарды үнемді пайдалану тақырыптары төңірегінде қызу пікірталас өрбіді. Студенттер экологиялық ахуалды жақсартуға қатысты өздерінің тың идеялары мен ұсыныстарын бөлісті.
Кітапхана меңгерушісі Гүлайым Жұмабаеваның айтуынша, бұл шараның мақсаты – жастардың экологиялық сауатын арттыру ғана емес, оларды кітап оқуға баулу.
«Жер байлығының шексіз емес екенін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – біздің ортақ миссиямыз. Сондықтан квестті ойын түрінде өткізуді жөн көрдік. Қатысушылар үш топқа бөлініп, арнайы QR кодтар арқылы жасырылған тапсырмаларды орындады. Соның ішінде кітапхана қорынан экология тақырыбындағы қажетті басылымдарды іздеп табу тапсырмасы студенттердің кітапқа деген қызығушылығын оятты», — дейді мекеме басшысы.
Айта кетерлігі, экология мәселесі Мағжан Жұмабаев атындағы колледжде де басты назарда. Биология пәнінің оқытушысы Шолпан Тәңірбергеннің сөзіне сүйенсек, оқу орнында қоршаған ортаны қорғау туралы кураторлық сағаттар тұрақты өткізіліп тұрады.
Бұл бағыттағы жұмыстар тек сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде де нәтижесін беруде. Студенттер макулатура мен пластик қалдықтарын арнайы қабылдау пункттеріне өткізуді әдетке айналдырған. Бұл әрі табиғатты таза ұстауға көмектессе, әрі жастар үшін қосымша табыс көзіне айналып, оларды ынталандыра түскен.
Осындай танымдық шаралар жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа деген жанашырлық сезімін нығайта түспек.