KZNews.kz
Жаңалықтар

Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы қыздың құрбылары күдікті жайлы бар шындықты айтты

Дархан Тоқан
ашық дереккөзден

Шымкентте танысының қолынан қаза тапқан 21 жастағы құрбылары желіде жағдайға қатысты үн қатты. Марқұмның таныстары мен құрбылары да қыздың соңына түсу, қорқыту әрекеттері болғанын айтып, әділ тергеу жүргізуді талап етті, деп жазды Sn.kz.

Желіде істің мән-жайын Айым есімді Threads қолданушысы баяндады. Оның сөзінше, марқұм Нұрай күдікті Аймахан Шерханмен былтыр жаз айында тойда танысқан. Осыдан кейін күдікті бойжеткеннің соңынан қалмай, бастапқыда «көңіл білдіріп жүргендей» көрінгенімен, уақыт өте психологиялық қысым жасап, қоқан-лоқыға көшкен.

«Күдікті Аймахан Шерхан Нұрайды “Мені темір торға қамай алмайсың” деген сөзбен қорқытқан. Марқұм Нұрай күзгі семестр басталғалы бұрынғыдай күліп-жайнап жүрмейтін болды. Оған Аймахан Шерхан себеп. Олар жаз мезгілінде тойда танысып, бастапқыда артынан қалмай көңіл білдіріп жүрген. Алайда уақыт өте келе Нұрайға психологиялық қысым көрсетіп, қоқан-лоқы жасай бастаған. Ақырында, қыздың да, ата-анасының да айқын қарсылығына қарамастан, Нұрайды Алматы қаласынан Шымкентке күштеп алып қашқан», – делінген жазбада.

Жазба авторының айтуынша, марқұмның туыстары қызды күдіктінің үйінен алып кеткен. Бірақ содан кейін де Нұрайдың тыныштығы болмағаны, күдіктінің ұзақ уақыт бойы аңду мен мазалауды тоқтатпаған. Айым есімді қолданушы Нұрайдың скриншоттарды дәлел ретінде жинағанын, алайда полицияға арыз түскенде, іс тиісті деңгейде қаралмағанын да атап өтті.

«Қызды күдіктінің үйінен туыстары алып кеткенімен, осы оқиғадан кейін Нұрайдың өмірі тозаққа айналды. Аймахан Шерхан ұзақ уақыт бойы сталкингпен айналысты. Нұрай оның нөмірін бұғаттаған кезде, құрбыларына жазған. Құрбыларына қайта-қайта мазалап хабарласып, әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы Нұрайдың әр қадамын аңдыған. Нұрай бұл әрекеттерді скриншоттап, дәлел ретінде жинаған. Алайда полицияға арыз жазған кезде, оның арызы тиісті түрде қарастырылмаған», – дейді желі қолданушысы.

Оның сөзінше, Нұрай арызданған кезде күдікті «мені темір торға қамай алмайсың» деп жауап қатқан. Сонымен қатар, сабақ кестесін біліп алып, оқу орнына келіп, қорқытып-үркіткені туралы да жазылған. Жазбада Нұрайды ағасы сабаққа апарып-әкелуге мәжбүр болғаны айтылып, соған қарамастан қасіретті жағдайдың алдын алу мүмкін болмағаны қынжылыс ретінде келтіріледі.

«Қылмыскердің өзі ашық түрде: “Мені темір торға қамай алмайсың” деп айтқан. Ол Нұрайдың сабақ кестесін анықтап, оқу орнына келіп, қорқытып-үркітіп жүрген. Айтқан сөздері мен жазбалары оның психикалық тұрғыдан қауіпті тұлға екенін айқын көрсеткен. Қатты қорыққан қызды сабаққа ағасы алып барып, күтіп алуға мәжбүр болған. Өкінішке қарай, барлық ескерту белгілеріне, дәлелдерге, арыздарға қарамастан, бұл іс құзырлы органдар тарапынан уақытында тоқтатылмады. Нәтижесінде бұл оқиға қасіретті аяқталып, Нұрай Аймахан Шерханның қолынан қаза тапты», – дейді Айым есімді қыз.

Желі қолданушысы құзырлы органдардан істі жан-жақты қарап, заң аясында әділ шешім қабылдауды сұрады. Ол күдіктіге бірқатар баптардың толық көлемде қолданылуын, сондай-ақ Нұрайдың арызын қабылдамаған немесе тиісті шара қолданбаған қызметкерлердің әрекетіне құқықтық баға берілуін талап еткен. Постта бұл жағдай «бір адамның емес, бүкіл қоғамның қайғысы» екені де айтылады.

«Біз қылмыскерге Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша: Алып қашу (мәжбүрлі некеге итермелеу); Сталкинг; Қоқан-лоқы көрсету; Адам өлтіру баптары толық көлемде қолданылып, ең жоғары жаза тағайындауды талап етеміз. Сонымен қатар, Нұрайдың арызын қабылдамаған, тиісті шара қолданбаған полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, олар да жауапкершілікке тартылсын. Бұл бір адамның емес, бүкіл қоғамның қайғысы. Бұл еленбеген арыздың, қорғалмаған қыздың, жұмысын атқармаған жүйенің салдары. Нұрайдың қаны әділдік сұрап тұр», – деп жазды ол.

Марқұмның тағы бір құрбысы үн қатып, Нұрайдың небәрі 21 жаста болғанын, өмірі енді ғана басталғанын жазды. Ол әлеуметтік желіде тараған кейбір пікірлердің қызға күйе жағуға ұқсайтынын айтып, мұндай ауыр сәтте марқұмның ар-намысына тіл тигізбеуге шақырған. Сондай-ақ «мәліметке сәйкес» деген тіркеспен денесіне 8 жерден пышақ сұғылғаны айтылып, оқиғаны «оқыс жағдай» деп жеңілдетуге болмайтыны жеткізіледі.

«Қайтыс болған қыз менің бала кезден бергі құрбым, Серікбай Нұрай. Ол 2004 жылы туған, небәрі 21 жаста еді. Өмірі енді ғана басталған, арманы, жоспарлары бар, болашағы алда тұрған жас қыз кісі қолынан қаза тапты. Мәліметке сәйкесғ оның денесіне 8 жерден пышақ сұғылған. Мұны қалайша “оқыс жағдай” немесе “жай жанжал” деп атауға болады? Бұл айуандық, қатыгездік. Кей адамдардың Нұрайды кінәлап, “өзі себеп болды”, “өзі сондай болған” деп айтуы ауыр тиді. Ақиқатын толық білмей жатып, өмірден өткен адамның артынан осындай ауыр сөз айту үлкен күнә», – дейді қыз.

Құрбысының жазбасында Нұрайдың оқуда үздік болғаны, тәрбиелі, ұяң, жаман әдеттерге әуес болмағаны да айтылады. Ол Нұрайдың «жоқ» деп, қарым-қатынастан бас тартқанын, бірақ сол шешімі үшін қысымға ұшырауы мүмкін екенін алға тартады. Соңында жұртты марқұмның атына тіл тигізбеуге шақырып, шындықты айту – оны танығандардың парызы екенін жеткізеді.

«Нұрайды бала кезінен білемін. Мектепті үздік бітірді. Ешқашан жаман әдеттерге, зиянды ортаға әуес болған емес. Өте жуас, ұяң, тәрбиелі қыз еді. Қолынан келсе, біреуге көмектескісі келіп тұратын, жүрегі таза, ниеті түзу қыз болатын. Нұрай күдіктіге “жоқ” деп, қарым-қатынастан бас тартқан. Өз шекарасын қорғаған. Бірақ дәл сол “жоқ” деген жауабы үшін ол қысымға, қудалауға, соңында зорлыққа ұшыраған болуы мүмкін. Нұрай мұндай тағдырға лайық емес еді. Оның атына, абыройына, рухына тіл тигізбеңіздер. Өлген адам өзін қорғай алмайды. Бірақ біз оны танығандар, оның шындығын айтуға міндеттіміз», – деп жазды марқұмның құрбысы.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары