Шымкентте жеке дәріханалар жанындағы екпе кабинеттерінде бірнеше адам көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, оларға қажетті медициналық көмек дер кезінде көрсетілмеген. Қызметкерлердің жедел әрекет ете алмағаны салдарынан науқастар процедуралық бөлмелерде қайтыс болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиғадан кейін қалалық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті құқық қорғау органдарымен бірге тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 12 кабинет уақытша жабылып, 13 тексеріс аясында 14 әкімшілік хаттама толтырылды.
Тексеру барысында өзге де заңбұзушылықтар анықталды: дәріханаларда психотроптық препараттарды заңсыз сатудың 25 дерегі тіркелді, ал емделуден жалтарған 10 есірткіге тәуелді адам жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ 34 стоматологиялық клиника тексеріліп, кейбірінің лицензиясыз жұмыс істегені және қызметті біліктілігі расталмаған мамандар көрсеткені белгілі болды.
Жалпы қорытынды бойынша 331 әкімшілік хаттама рәсімделіп, айыппұлдардың жалпы сомасы 41 миллион теңгеден асты.