Олар ғимарат ішінен газ баллондарын алып шықты
Шымкент қаласындағы дәмханалардың бірінде өрт шығып, құтқарушылар ғимарат ішінен газ баллондарын алып шықты, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға Әл-Фараби ауданындағы Шәймерденов көшесінде орналасқан бір қабатты дәмханалардың бірінде болған. «112» пультіне хабарлама түскен бойда оқиға орнына жеткен құтқарушылар келесі деректерді анықтады:
Өрт дәмхана асханасындағы электрлі қуырма ыдыстан басталған;
Жалын аз уақыт ішінде ғимараттың төбесі мен шатырына жайылған;
Құтқарушылар келгенге дейін қызметкерлер сыртқа шығып үлгерген.
Өртті сөндіру кезінде мамандар өмірлерін қатерге тігіп, қауіпті жерден екі оттегі және бір газ баллонын алып шыққан.
Осылайша, құтқарушылар дәмхана ішіндегі ықтимал жарылыстың алдын алып, шығын көлемін азайтты. Қазіргі уақытта өрт толық сөндірілді, зардап шеккендер жоқ.