Қызылордамыз көркейіп келеді, дегенмен сарқылған Арал, толарсағы кем Сырдария, мұнайы таусылған Құмкөл, демпингке ұшыраған күріш құны, бәрі көз алдымызда. Енді не істемек керек?
Бәрібір кешегі кеңестік соқамен, шикізаттық санамен жаңа дәуірдің көшіне ілесе алмаймыз. Даму үшін дамыған елдердің тәжірибесінен қажетімізді алу керекпіз. Алысқа ұзамай ақ, көршілес Қытай инвестициясын, технологиясын пайдалану керек? Осыған орай, Сыр еліне керек, ойда жүрген жобаларды талқыға шығарайын, ой бөлісе отырыңыздар, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазіргі жаһандық кеңістікте мемлекеттер арасында стратегиялық бәсекелестік жүріп жатыр. Көршілес елдер шетелдік капитал тартып, зауыт соғып жатқанда, бізге транзиттік жолдың шаңына қарап қалу жараспас. Өйткені шекаралас Қытай әлемнің ең үлкен экономикалық фабрикасына айналды. Бізге Қытайдан үркіп-қорқудың емес, оның миллиардтаған капиталы мен озық технологиясын Сыр елінің прагматикалық мүддесіне жаратудың сауатты экономикалық саясаты қажет.
Қызылордаға дәл қазір не жетіспейді? Бізге алып сауда орталықтарынан көрі нақты өндіріс керек. Ендеше, Қытай инвесторларына біз ұсынуға тиіс өзекті деген кәсіп түрлеріне тоқталсақ.
Су үнемдеу технологиялары мен құралдарын шығаратын зауыт
Сырдарияның суы жыл санап азайып барады. Біз күрішті әлі ескі әдіспен, суға батырып өсіріп келеміз, болашақта судың жайы қалай болары белгісіз, сондықтан осы бастан тамшылатып суаруға, су үнемдеуге бейімделе беруіміз керек. Ол үшін Қытайдың тәжірибесін алсақ болады. Қытай шөл далада, тамшылатып суару арқылы егін өсіруден әлемдік лидер. Бізге олардың дайын құбырларын сатып алудың қажеті жоқ. Бізге дәл сол тамшылатып суару жүйелерін, смарт-сенсорларды, суды қайта өңдеп, тазалайтын құралдарын Қызылорданың өзінде шығаратын зауыт керек. Бұл аймақтың экологиялық қауіпсіздігі үшін өмірлік маңызы бар жоба.
Күріш қалдығын (қауызын) терең өңдейтін Био-индустрия
Қазір біз күріштің қауызын өртеп немесе төгіп жатырмыз. Ал дамыған елдер күріш қауызынан биопластик, жоғары сапалы кремний, косметикалық қоспалар мен органикалық тыңайтқыштар жасайды. Жергілікті Қорқыт ата университетінің ғалымдары мен Қытайдың агро-инновациялық компанияларын біріктіріп, осы өңірлік ғылымды өндіріске енгізетін кез келді. Шикізатты емес, қосылған құны жоғары өнімді экспорттауымыз қажет. Инвесторларда құп көретін пайдалы жоба.
Мультимодальды агро-логистикалық хаб
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолы дәл іргемізден өтіп жатыр. Бірақ біз одан қандай пайда көріп отырмыз? Жүк көліктері тоқтамай өтіп кетеді. Қытай капиталымен Сыр бойында алып логистикалық хаб салу керек. Онда тек тауар сақтау емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін (балық, қауын-қарбыз, ет, сүт) халықаралық стандартқа сай қаптайтын, сертификаттайтын және тікелей Еуропа мен Қытайға экспорттайтын инфрақұрылым болуы тиіс. Бұл нағыз стратегиялық қадам болар еді.
Күн панельдері мен жасыл энергетика жабдықтарын құрастыру
Қызылордада жылына 300 күннен астам күн сәулесі төгіліп тұрады. Бұл тегін байлық. Қытай қазір жасыл энергетика бойынша әлемде бірінші орында. Біз қытайлықтарға тек жер беріп, күн электр станцияларын салғызумен шектелмеуіміз керек. Біз сол күн панельдерін құрастыратын, ертеңгі күні оларды қайта өңдейтін (утилизация) зауыттар ашуды талап етуіміз қажет. Сонда ғана біз жаңа технологияны меңгерген кадрлар даярлаймыз.
Шыны өндірісін кластерлеу
Қызылордада шыны зауыты жұмыс істеп тұр. Ендігі қадам оның жанынан шағын және орта бизнесті молынан шоғырландыру керек. Кластер дегеніміз сол. Инвесторлар арқылы кәдімгі құрылыс шынысынан бөлек, смартфондарға арналған смарт-шынылар, автокөлік әйнектері немесе медициналық ампулалар шығаратын терең өңдеу цехтарын ашу керек.
Біз бөтеннің ақшасын өзіміздің экономикаға айналдыра білуіміз керек. Ол үшін ұлттық мүддені қорғай алатын сауатты келіссөздер қажет. Қытайдан келетін қаржы мен технологиялар біздің жерімізді жұту үшін емес, керісінше, Сыр елінің экономикасын жаңа деңгейге көтеру үшін қызмет етуі тиіс.
Сондықтан өз жерімізде, өз шартымызды қойып, озық технологияны игермесек, өзгелердің шикізат қосымшасына айналып қала береміз. Бастысы өзімізде өндіретін, өзіміздің мамандарды дайындайтын озық өндірістерге мән керек.
Құлаққағысымыз, өзіміздің бизнес-орта мен жергілікті билікке жетер деп ойлаймын.
Нұрбек Дәуренбеков,
Қызылорда облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі