KZNEWS.KZ
Спорт

Сүйінші! Қазақстан Азия чемпионатында алғашқы алтынды иеленді

Айжан Сыланова
Фото: ҰОК

Қазақстан құрамасының боксшысы Надежда Рябец Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарып, алтын медаль иеленді, деп хабарлайды kznews.kz.

Ол 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, финалда Өзбекстан өкілі Рухшона Парпиеваға қарсы шықты.

Жекпе-жекте Рябец алғашқы раундтан бастап басымдық танытып, 5:0 есебімен алға шықты. Екінші раундта да ол қарсыласынан белсенділігімен, дәлдігімен және түрлі тәсілдерді тиімді қолдануымен ерекшеленді. Нәтижесінде, төрешілер бірауыздан жеңісті қазақстандық спортшыға берді.

Осылайша, Надежда Рябец Қазақстан құрамасына 2026 жылғы Азия чемпионатындағы алғашқы алтын медальді сыйлады.

Айта кетейік, бұған дейін Бақыт Сейдіш (70 келіге дейін) ел қоржынына күміс жүлде салған болатын.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →