Қазақстандық дзюдошы Әділет Алмат Аустрияның Линц қаласында өтіп жатқан дзюдодан әлемдік Гран-при турнирінде тамаша нәтиже көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды kznews.kz.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін 21 жастағы спортшы финалда әзербайжандық Вузал Галандарзадемен татамиге шықты. Жекпе-жектің басында қарсыласы "юко" ұпайын алып, алға шыққанымен, қазақстандық дзюдошы күресті тоқтатпай, белсенді шабуылдарын жалғастырды. Нәтижесінде ол әдемі әдіс жасап, қарсыласын ұстап қалу тәсілі арқылы жеңіске жетті.
Осылайша, Әділет Алмат Линц қаласында өткен беделді турнирдің чемпионы атанды.
Турнир барысында қазақстандық спортшы бірнеше мықты қарсыласын жеңіп шықты:
- 1/32 финал: Киприан Грибинет (Молдова) – жеңіс
- 1/16 финал: Габриэль Фалькао (Бразилия) – жеңіс
- 1/8 финал: Саад Дикаев (Эстония) – жеңіс
- Ширек финал: Омар Ражабли (Әзербайжан) – жеңіс
- Жартылай финал: Василье Гружичич (Сербия) – жеңіс
- Финал: Вузал Галандарзаде (Әзербайжан) – жеңіс
Айта кетейік, Әділет Алмат бұған дейін де халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен. Ол Berlin Junior European Cup 2024 турнирінің чемпионы және La Nucia European Open 2025 жарысының жеңімпазы атанған.
Қазіргі уақытта қазақстандық дзюдошы әлемдік рейтингте 111-орында тұр және оның еншісінде 352 ұпай бар.
Еске салайық, дзюдодан бұл халықаралық турнир 6-8 наурыз аралығында Аустрияның Линц қаласында өтуде.