Тараз қаласында бір күннің ішінде төрт әйел егіз босанып, дүниеге сегіз сәби келді. Бұл қуанышты жағдай қалалық көпбейінді аурухананың перзентхана бөлімшесі мен консультативтік-диагностикалық орталығында тіркелді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап kznews.kz хабарлайды.
Осылайша, бір күнде төрт отбасы бірден екі сәбиден сүйіп, отбасындағы қуаныш еселене түсті. Ал медицина қызметкерлері үшін бұл ерекше әрі есте қаларлық оқиға болды.
Министрліктің мәліметінше, босану процесінің қауіпсіз өтуіне акушер-гинекологтар, неонатологтар, акушерлер, анестезиолог-реаниматологтар мен медбикелер жұмылдырылған. Медицина мамандары аналардың аман-есен босанып, нәрестелердің өмірге қауіпсіз келуі үшін кәсіби көмек көрсеткен.
«Аналардың аман-есен босанып, нәрестелердің қауіпсіз дүниеге келуін қамтамасыз етуге акушер-гинекологтар, неонатологтар, акушерлер, анестезиолог-реаниматологтар мен медбикелер атсалысты. Олар жоғары кәсібилік пен жауапкершілік танытты», – делінген ведомство хабарламасында.
Денсаулық сақтау министрлігі бір күнде төрт жұп егіздің дүниеге келуін сирек кездесетін ерекше жағдай ретінде атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте биыл дүниеге келген 20 мыңнан астам сәбидің 213-і егіз, төртеуі үшем екені хабарланған болатын.