Қазақстандық велошабандоз Рината Сұлтанова ХХ жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінде ел қоржынына алтын медаль салды.
Ол әйелдер арасындағы тасжол велоспортынан жекелей уақытқа жарыста мәреге 36 минут 23,72 секундта жетіп, қарсыластарынан оқ бойы озды, деп хабарлайды kznews.kz. Қытайлық Чжан Хао күміс жүлдеге ие болса, Оңтүстік Корея өкілі Син Джиын үздік үштікті түйіндеді.
Жарыс қорытындысы:
🥇 Рината Сұлтанова (Қазақстан) — 36:23.72
🥈 Чжан Хао (Қытай) — 36:28.40
🥉 Син Джиын (Оңтүстік Корея) — 36:56.14
Осылайша, Рината Сұлтанова ұлттық құраманың ХХ жазғы Азия ойындарындағы алтын медальдар есебін ашты.

Бұл – қазақстандық спортшының екінші Азиадасы. Бұған дейін ол Ханчжоуда өткен Азия ойындарында жекелей уақытқа жарысудан қола медаль жеңіп алған еді. Енді сол нәтижесін жақсартып, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Қазіргі таңда тасжолдағы велоспорт Қазақстанның тоғыз өңірінде дамып келеді. Спортшыларды халықаралық жарыстарға жүйелі түрде дайындау, өңірлік спорт резервін қалыптастыру және жаттықтырушылардың еңбегі осындай жоғары нәтижелерге жол ашып отыр.
Рината Сұлтанованың тарихи жеңісі Қазақстан құрамасының Азиададағы алғашқы жарыс күнін алтын жүлдемен бастауына мүмкіндік берді.