Германияда зейнет жасын 70-ке дейін ұлғайту туралы бастама көтерілді. ХДС/ХСС фракциясының Бундестагтағы жастар тобының жетекшісі Паскаль Реддиг осы ұсынысты жариялап, реформа қоғамдағы жүктемені әділ бөлу үшін қажет екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазіргі таңда Германияда ресми зейнет жасы — 67, ал ерте шығу мүмкіндігі 63 жастан басталады. Бірақ ерте зейнетке шығу үшін кемінде 35 жылдық еңбек өтілі болуы тиіс және бұл жағдайда төленетін зейнетақы мөлшері қысқартылады.
Реддиг бұл жүйені қайта қарауды ұсынып отыр. Оның пікірінше:
ерте зейнетке шығу шарттары қатаңдатылуы керек;
төлем көлемін азайту қажет;
«63 жаста зейнетке шығу» тәжірибесін болашақта толық алып тастаған жөн.
Сондай-ақ ол халықтың өмір сүру ұзақтығы артқанын ескеріп, зейнет жасын біртіндеп көтеруді ұсынды.
Депутат жақын жылдары зейнетақы өсімі баяулайтындықтан, индексациялау жүйесін де өзгерту қажеттігін айтты. Оның ұсынысы бойынша, зейнетақы жалақы өсіміне емес, инфляция деңгейіне қарай есептелуі тиіс.
«Бұл тәсіл бюджетті жеңілдетеді және әділеттірек болады. Алдағы жылдары бұрынғыдай зейнетақыны жаппай көтеру мүмкін емес. Әйтпесе бүкіл зейнетақы жүйесі дағдарысқа тап болуы ықтимал», – деді Реддиг.