Ақтөбелік 23 жастағы Мария әлеуметтік желіде сүйіктісі Александрдың суреттерін жариялағаннан кейін жұп желі қолданушыларының назарын аударды. Көпшілік жігіттің «Шрек 2» мультфильміндегі адам кейпіне енген Шрекке ұқсайтынын байқаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Александр 24 жаста, АҚШ-тың Сиэтл қаласынан. Мария екеуі 2024 жылдың соңында танысу қосымшасы арқылы танысып, алғашында онлайн сөйлескен. Ал 2025 жылы Александр Қазақстанға келгенде жұп Астанада алғаш рет жүздескен.
Марияның айтуынша, ол Александрдың Шрекке ұқсайтынын таныстықтың алғашқы кезеңінде-ақ, бейнебайланыс арқылы сөйлесіп жүргенде байқаған. Алайда жігіттің қалай қабылдарын білмегендіктен, бірден айтпаған.

– Мұны бірден байқадым деуге болады. Бірақ бастапқыда оған айтпадым, өйткені қалай қабылдайтынын білмедім. Кейін достарымыз бен таныстарымыз да осы ұқсастыққа назар аудара бастады. Әдетте адамдар алдымен күледі немесе таңғалады, кейін шынымен ұқсайтынын айтады, – деді Мария.
Александрдың суреттері жарияланған TikTok жазбасы 100 мыңға жуық қаралым жинаған. Желі қолданушылары әсіресе «Шрек 2» мультфильміндегі кейіпкердің сиқырлы сусын ішіп, адам кейпіне енген нұсқасымен салыстырған.
Жұп мұндай пікірлерге әзілмен қарайды. Мария Шрек кейіпкерін ұнататынын, сондықтан бұл салыстыруды жағымсыз қабылдамайтынын айтады. Александр да желідегі әзілдерге ренжімейді.
Қазір Мария мен Александр екі елде тұрады және шамамен екі айда бір рет кездеседі. Жұп келесі жылы шаңырақ көтеруді жоспарлап отыр. Екі апта бұрын Александр Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында Марияға тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған.