KZNews.kz
Білім

ШҚО-да тағы да шу: Білім сапасын қадағалайтын басшының былығы ашылды

Фото: ашық дереккөздерден

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Шығыс Қазақстан облысы бойынша білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысын ұстады.

Құзырлы орган аймақтағы білімнің сапасына жауапты болып келген Жұмағазы Жарылғапбергеновтің жемқорлыққа қатысты күдікпен тергеуге алынғанын растады. Күдікті облыстағы мұғалімдердің аттестациядан өтуіне жәрдемдескені үшін жүйелі түрде заңсыз ақша алған деген ақпарат бар. Қазіргі уақытта департамент басшысына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысындағы лауазымды тұлғалардың сыбайластыққа қатысты күдікпен ұсталуы жиілеп барады. Біз бұған дейін облыстық автомобиль жолдары басқармасының басшысы Данияр Уахитовтың қамалғаны туралы жазғанбыз.

Ал дәл осы білім сапасын қадағалайтын департаменттің бұрынғы басшылығы да жемқорлықпен айыпталып, сотталған болатын. Яғни, облыстық деңгейдегі басқару жүйесінде бір жылдың ішінде екінші лауазым иесі жемқорлық деректері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.

2025 жылы аталған департаменттің басшысы болған Айгүл Байжанова 500 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, сот шешімімен 60 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелген болатын. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылған еді.

Айтпақшы, облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысын тікелей Оқу-ағарту министрлігі тағайындайды. Алайда, соңғы кезде Шығыс Қазақстан облысы бойынша жиілеген жемқорлыққа қатысты дау аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағановтың беделіне үлкен соққы болатыны сөзсіз. Дегенмен, қазір ел ішінде облыс әкімі өз айналасында жүрген кадрлар арасында "кең құлашты тазалау" жұмысын жүргізуге кірісті деген сөз бар екен. Демек, Сақтағанов командасындағы сыбайлас жемқорлыққа бейім басшылардан арылуға тырысуы мүмкін. Әрине, бұған керісінше екінші нұсқа тағы айтылуда. Аймақтағы басқарушы элита арасындағы парақорлықтың  асқынғанына төзе алмаған әлеуметтің ашу-ызасына құлақ асқан арнайы қызмет іске араласуы да ықтимал. 

Қалай болғанда да, аталған жағдайлар өңірдегі білім сапасын бақылау жүйесінің тиімділігі мен жалпы жергілікті атқарушы биліктегі кадрлық саясатқа қатысты сұрақтарды күн тәртібіне шығарып отыр. 

Қысқасы, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың жоғарыда айтылған мәселеге маңыз беретін уақыты келген сияқты...

Қалмаханбет Мұқаметқали
Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте баста...
Автордың басқа материалдары →