Сот Халық банкінің талабын толық қанағаттандырып, HILL тобы компанияларын, Дулат Қожамжаровты және ішінара Гүлназ Қожамжарованы ірі көлемдегі қарызды өтеуге міндеттеді, деп хабарлайды kznews.kz. Айта кетейік Дулат Қожамжаров Қазақстанның бұрыңғы бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың бауыры.
Сот шешіміне сәйкес, олар 2,549 млрд теңге және 44,87 млн еуро төлеуі тиіс, сондай-ақ мемлекеттік баж да өндірілмек.
Бұдан бөлек, сот кепілге қойылған бірқатар мүлікті сатуға рұқсат берді. Олардың қатарында Өскемендегі өндірістік нысандар, Шымкенттегі тұрғын үй, Алматыдағы пәтер және басқа да активтер бар.
Ең ірі мүлік ретінде Шымкенттегі «Оңтүстік индустриалды» аймағында орналасқан HILL өнеркәсіптік кешені көрсетілді. Оның бастапқы бағасы 9,13 млрд теңгеге бағаланған.
Айта кетейік, бұл іс Халық банкі мен HILL тобы арасындағы ірі қарыз дауына байланысты туындаған. Бұған дейін компания өз міндеттемелерін толық орындамағаны айтылып, банк сотқа жүгінген болатын.