Украина президенті Владимир Зеленский елінің соғысты тоқтатып, ұзақмерзімді әрі тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін нақты іс-қимылдарға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі жазбасында Украина, АҚШ және Ресей арасындағы алдағы үшжақты келіссөздер қарсаңында мәлімдеді, деп kznews.kz тілшісі УНИАН агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы 2 ақпан күні Абу-Даби қаласында өтетін келіссөздерге аттанатын украин делегациясымен арнайы үйлестіру кеңесін өткізген. Жиынға Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров, Президент кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов, оның бірінші орынбасары Сергей Кислица, Бас штаб басшысы Андрей Гнатов және Президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Александр Бевз қатысты.
Зеленскийдің айтуынша, алдағы кездесулерде талқыланатын мәселелердің ауқымы айқындалып, делегация алдына нақты міндеттер қойылған.
«Украина нақты қадамдарға дайын. Біз әділетті әрі ұзаққа созылатын бейбітшілікке қол жеткізуге болатынына сенеміз. АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты екіжақты құжат әзір. Енді елді қалпына келтіру мен экономикалық даму бағытындағы құжаттар бойынша мазмұнды жұмысты жалғастыруды көздеп отырмыз», – деп жазды Украина президенті.
Сонымен қатар ол АҚШ тарапы диалог үшін қажетті жағдайларды қалыптастыруда батыл әрі дәйекті ұстанымын сақтайды деген үміт білдірді.
«Жұмаға қараған түні іске қосылған деэскалация шаралары келіссөздер процесіне деген сенімді арттырды. Соғысты аяқтау қажет. Қолдау білдіріп жатқан барша әлемге алғыс айтамын. Украинаға даңқ!» – деді Зеленский.
Айта кетейік, 4–5 ақпанда Абу-Дабиде Украина, АҚШ және Ресей өкілдерінің қатысуымен үшжақты келіссөздердің кезекті кезеңі өтеді. АҚШ тарапынан бұл жиынға президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысады деп жоспарланған.
Бұған дейін БАӘ-де өткен келіссөздерден кейін батыстық БАҚ Донбасс өңірінің болашағы әлі де ашық күйінде қалып отырғанын жазған болатын. АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін Ресеймен бейбіт келісімге қол қойылған соң ғана беруге дайын екенін жеткізген. Сонымен қатар Вашингтон Киев Донецк облысындағы ресейлік күштер толық бақылауға ала алмаған аумақтардан әскерін әкетуі тиіс деген ұстанымды қолдап отыр.