Смартфондардың көк түсті жарығы соқырлықты жылдамдатып, көру қабілетін нашарлатады
05.12.2018
15:49
0
2


Смартфон көру қабілетін әлсіретеді
Күн сайын біз экрандармен жабдықталған түрлі техниканы: теледидарды, смартфондар мен компьютерлерді қолданамыз. Барлық дисплейлер көк түсті жарық бөліп шығарады және осы жарық біздің көз жанарымызға теріс әсер етуі мүмкін екенін жиі естіп жатамыз. Толедо университетінің зерттеушілері смартфондар біздің көру қабілетімізге кері әсер етуінің себебін анықтай алды. Бұл көк түсті жарықтың әсері екен. Әрине, бұл мәселе тек смартфондарға ғана қатысты емес, дегенмен дәл осы смартфон біздің өміріміздің ажырамас бөлігі болып барады, себебі біз одан төсекте де, тіпті кейбіріміз дәретханада да ажырамаймыз.
Бәріне кінәлі көк түс
Смартфондардағы көк түсті жарық көз торының молекулаларында, яғни жарыққа сезімтал және миға сигнал жіберетін фоторецепторларда улы реакция тудырады. "Макула" немесе сары дақ деп аталатын тор қабатының бір бөлігі біздің көзімізге түсетін жарықтың 80%-дан астамын өзінен өткізеді. Көбіне қауіп дәл осы макулаға төнеді.

Соқырлыққа қарсы тамшылар
Толедо университетінің ғалымдары, төменде жазылған ұсыныстардан басқа, көк түсті жарықтан болатын зиянды азайтатын арнайы қорғаныш тамшыларын жасауға үмітті. Әрине, бұл біраз уақытты алады және барлық мәселені шешетін панацеяны да ойлап табу мүмкін бола қоймас. Бірақ көзді көру қабілетінің ерте нашарлауынан қорғауға болады. Көзге байланысты мәселелер өткен ғасырдың 60-шы жылдары, телевидениенің белсенді дамуы және теледидардың жаппай сатылуы кезінде пайда болды. Ал қазіргі жағдай біз көп уақытымызды сарп ететін смартфондарға байланысты тіпті күрделене түсуде. Көк түсті жарық тек көзге жағымсыз әсер етіп қана қоймайды, сонымен қатар ол тітіркену тудырады, өйткені оның әсерінен ұйқы нашарлап, ағзаның мелатонин гормонын шығару қабілеті төмендейді. Сондықтан, ғалымдар ұйқыға жатар алдында, жарты сағат бұрын смартфонды қолға алмауға және теледидар көрмеуге кеңес береді.
Көк түстің зиянын қалай азайтуға болады
Біздің гаджеттерден тарайтын жарықтан пайда болған зиянның алдын алу оңай: теледидар көрмеу және смартфонға қараңғыда үңілмеу, сондай-ақ күннен қорғайтын көзілдірік кию. Күннің өзі де көк түсті жарық бөледі. Сондықтан күндіздің өзінде көзді қорғау маңызды. Сонымен қатар, смартфонмен өткізетін уақыт мөлшерін азайтуға тырысыңыз. IOS 12-дегі жаңа функция смартфонмен жүргізілген уақытты талдауға және белгілі бір қолданбаларға шектеу қоюға мүмкіндік береді. Android Pie-де мұндай функция бар және ол бета нұсқасында қол жетімді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
(0)
Бұл жерде әлі ештеңе жоқ