Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстанда кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі туралы мәліметтер кемінде екі есе кемітіліп көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, аталған бағыттағы саясатқа жауапты Ұлттық экономика министрлігі бизнесті қолдау көлемі туралы деректерді толық көрсетпейді. 2019–2024 жылдар аралығында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жалпы сомасы 4,5 трлн теңге көлемінде қолдау жасалған.
«2024 жылғы қыркүйекте Президент барлық мемлекеттік қолдау шараларына тексеру жүргізуді тапсырды. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі бірыңғай тізілім жасап, тиімділікті бағалау әдістемелерін әзірледі. Сырттай қарағанда оң өзгерістер бардай көрінді. Алайда жүргізілген аудит бұл қадамдардың жеткіліксіз екенін анықтады. Тізілім сапасыз жасалған, онда Кәсіпкерлік кодексте қарастырылған барлық қолдау тетіктері қамтылмаған. Сонымен қатар, өзектілігін жоғалтқан шаралар да енгізілген», – деді Әлихан Смайылов Мәжіліс отырысында.
Сондай-ақ ол мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалаудың нақты әрі бірізді әдіснамасы жоқ екенін атап өтті. Қазіргі бағалау жүйесінде сандық көрсеткіштерге ғана мән беріліп, жұмыс орындарының саны мен төленген салық көлемімен шектеліп отыр. Ал өндіріс көлемінің артуы, қосылған құнның өсуі және бизнестің қаржылық тұрақтылығы секілді экономиканың нақты нәтижелері ескерусіз қалып келеді.
Бұдан бөлек, барлық операторлар мен мемлекеттік органдар деректер енгізуі тиіс «Бақылауда» ақпараттық жүйесі заң жүзінде бекітілмеген. Соның салдарынан енгізілетін мәліметтердің дұрыстығы мен сапасына жауапкершілік нақты айқындалмаған.