Танымал әнші Толқын Забирова әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің ұстазы, қазақ өнерінің символына айналған Бибігүл Ахметқызы Төлегеноваға ерекше құрметін жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Әнші Бибігүл апайының өнер жолындағы орны ерекше екенін айтып, ұстазының еңбегіне алғысын әсерлі жазбамен білдірді:
"Әр нотаға жан, әр қадамға мән беруді үйреткен Ұстазым менің – Бибігүл Ахметқызы. Жұлдызды жолдың сыртқы жарқылынан бұрын, оның ішкі жауапкершілігін сезіндірген Анам. Бүгінгі менің сахнадағы әрбір сәтімде Сіздің еңбегіңіз, мейіріміңіз, дұғаңыз бар, Сізге деген алғысым шексіз, құрметім мәңгі", – деп жазды Толқын Забирова.
1929 жылы 16 желтоқсанда Семейде дүниеге келген Бибігүл Ахметқызы – қазақ классикалық вокалының бірегей тұлғасы. Лирико-колоратуралық сопрано иесі, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері атанған аңыз әнші әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсетіп, қазақ музыкасын халықаралық сахнаға танытқан.
Ол өмірін өнерге, шәкірт тәрбиелеуге арнап, бірнеше буын жас әншілердің кәсіби қалыптасуына ықпал еткен. Сол шәкірттердің бірі – Толқын Забирова.