Вьетнам еліне баратын шетел азаматтары енді сапар туралы деректерін алдын ала онлайн түрде ұсына алады, деп хабарлайды kznews.kz.
Сыртқы істер министрлігі Вьетнам Социалистік Республикасы шетел азаматтарының елге кіру рәсімдерін жеңілдету мақсатында «Алдын ала ақпарат ұсыну жүйесін» (Pre-arrival Information — PAI) пилоттық режимде іске қосқанын хабарлайды.
Вьетнам тарапының мәліметінше, аталған жүйе шетел азаматтарына Вьетнамға сапар алдында қажетті ақпаратты онлайн режимде алдын ала ұсынуға мүмкіндік береді.
"Бұл өз кезегінде шекаралық бақылаудан өту уақытын қысқартуға және әуежайлардағы жолаушылар ағынын оңтайландыруға бағытталған. PAI жүйесі қазір Таншоннят халықаралық әуежайында пилоттық режимде жұмыс істейді және алдағы уақытта Вьетнамның Нойбай, Дананг, Камрань және Фукуок халықаралық әуежайларында, сондай-ақ мемлекеттік шекарадағы басқа да өткізу пункттерінде кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған", — делінген хабарламада.
Министрлік атап өткендей, бұл ретте, PAI жүйесі Вьетнамға кіру үшін міндетті талап саналмайтынын және виза рәсімдеу функциясын атқармайтынын атап өткен жөн.
"Жүйе тек сапар туралы ақпаратты алдын ала ұсынуға арналған. Вьетнам билігі шетел азаматтарына тіркелуді тек ресми портал — prearrival.immigration.gov.vn арқылы жүзеге асыруды және жалған интернет-ресурстардан сақ болуды ұсынады", — деп түсіндірді ведомство.